Перейти к содержимому
Главная страница » Мектептегі мерейтой

Мектептегі мерейтой

Сан мың шәкіртке сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген, талай түлектің өмір жолына шамшырақ болған Еңбекшіқазақ ауданы Асысаға ауылындағы Кеңес одағының Батыры Төлен Қабылов атындағы қазақ орта мектебіне биыл 100 жыл толды. Ғасырлық тарихы бар білім ордасының мерейтойы кең көлемде аталып өтті.

Мектеп тарихы – білім мен парасаттың шырағын жаққан, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек еткен ұстаздардың өнегелі ізімен өрілген тағылымды шежіре. Мектептің қазіргі директоры Шара Сәтқожаева: «100 жылдық тарих – өткеннің тағылымын сақтай отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басудың айғағы. Алдағы уақытта да Төлен Қабылов атындағы орта мектеп білім мен тәрбиенің шамшырағы болып, ел келешегіне қызмет ететін саналы ұрпақ тәрбиелейтін заманауи білім ордасы ретінде қызмет ете береді», – деп жүрек­жарды лебізін білдірді.
Асысаға ауылында 1926 жылы алғашқы төрт сыныптық мектеп үйі салынған. Сол кездегі ауылдық кеңес төрағасы Мұқан Әбішев бас болып, оны ұйымдастыруға бірқатар ауыл белсендісі атсалысқан. Сағатжан Жауыншиев, Уәли Ағыбаев, Рақым Өмірғалиев сияқты ұстаздар білім берді. 1940 жылы жетіжылдық мектепке айналды. Білім шаңырағында Қашаған Бөлеков, одан кейін Серғожа Жолдасбеков, Ғабит Сарыбаев, Құсайын Бижанов, Жұмақан Әміров, Сұлтан Құмашев, Қожа Бижанов директорлық қызмет атқарды. Уәли Ағыбаевтың шәкірті Құсайын Бижанов Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.
1960 жылы Асысаға сегізжылдық мектебі болып ашылып, оған Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловтың есімі берілді. Бекжан Мұстафин жетекшілік етті. 1970 жылы Әділ Кенжебеков директор болып, «КСРО халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Ал 1976 жылы типтік үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға берілді. 1988-1994 жылдары Серікжан Бокиев, одан кейін Ысқақ Салманов, Төлеухан Орынбасарова басшылық қызмет атқарды.


Төлен Қабылов атындағы мектептің ғасырлық тойы ауылдың Мәдениет үйінде өтіп, мектеп жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің «Туған жер» әнімен мерекелік кештің шымыл­дығы түрілді. Одан кейін мектеп тарихынан сыр шертетін сахналық көрініс қойылды. Сонымен қатар шара барысында тағы бір маңызды сәт – «Білім ордасының ғасырлық белесі» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбекте білім ордасының өткені мен бүгіні, ұстаздар мен шәкірттердің жүрекжарды естеліктері жинақталған.
Сахна төріне көтерілген Асы ауылдық округінің әкімі Ұлан Сағымбеков, бұрынғы мектеп басшылары – Серік Бокиев пен Ысқақ Салманов жылы лебіздерін арнады. Мектептің алғашқы директоры болған Сағатжан Жауыншиевтің және Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловтың ұрпақтары кешке арнайы шақырылды.
Мерейтойда мектеп түлегі, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Бердіхан Қазірет пен Абай атындағы ҚазҰПУ О.Досбосынов атындағы ақындар орталығының жетекшісі Сезімхан Шұғайып әсерлі айтыс өткізді. Көрермендер суырыпсалма ақын­дардың тапқыр сөздері мен ұтым­ды ойларына зор қошемет көрсетті. Сондай-ақ мектептің тағы бір түлегі, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Айнұр Сейтекова сахналық қойылым ұсынып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал мектеп түлегі Бахар Байсұлтанованың әуелете шырқаған әсем әндері мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Шара аясында мектеп түлектері Айнұр Сейтекова мен Жомарт Шубековтың демеушілігімен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Ауған- Тәжік соғысының ардагерлері – Қуаныш Жұмаділов пен Едіге Артықбаев білім шаңырағына компьютер тарту етті. Білім ордасының 1973 жылғы түлектері мектеп кітапханасына 100 кітап сыйлады. Бұдан кейін оқушылар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Ауыл болып атсалысқан мерейтойлық шара соңы берекесі мол дастарқанға ұласты.
Бұл мереке тек бір мектептің ғана емес, тұтас бір ауылдың рухани жаңғыруының, ұрпақтар сабақтас­тығының жарқын көрінісі болды.

Анарбек БЕРДІБАЕВ
Еңбекшіқазақ ауданы