Перейти к содержимому
Главная страница » Өңдеу өнеркәсібі өркендейді

Өңдеу өнеркәсібі өркендейді

Еңбекшіқазақ ауданында жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдейтін «Qazaq Global Food JV» зауыты іске қосылды. Мұндай кәсіпорынның елімізде өзге баламасы жоқ. Тескенсу ауылында салынған жобаға 9,5 млрд теңге инвестиция салынды. Агроөнеркәсіп кешенінде жылына 70 мың тонна өнім өңделеді. Бүгінде өндірістің бірінші зауыты пайдалануға беріліп, екіншісінің іргетасы қаланды.

Жобаны «Alpecon Group» ЖШС іске асыруда. Алғашқы кезеңінде өңделген өнімнен 13 мың тонна жеміс-жидек пен көкөніс шырынының концентраты, пюре мен паста әзірленеді. Мұның бәрі толығымен Түркия еліне экспортқа шығарылады. Ал екінші кезеңде алма қалдығынан пектин дайындалмақ. Бұл көрші елдерде әлі қолға алынбаған. Тек Германия, Қытай, АҚШ сияқты мемлекеттерде жақсы дамыған. Жоспар бойынша 1000 тонна пектин және 3000 тонна алма талшығы дайындалып, Корея мен Жапония елдеріне жіберіледі. Жобаның басты серіктесі Түркияның бұл саладағы жетекші компаниясы – «Gоknur Gіda». Ал «Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингі, Қазақстанның Даму банкі мен «Даму» қоры қаржылық қолдау көрсетті.
Ауқымды жобаның салтанатты ашылуына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жаңа зауыттың іске қосылуымен құттықтады.
«Өңіріміз әлемдегі алма ағаштарының түпкі отаны екені баршаға белгілі. Ғасырлар бойы бұл аймақ жеміс-жидек өсірудің басты орталығы болып келді. Бүгін осы үрдіс жаңа сатыға көтеріліп, өндірістік экожүйе тағы бір игі жобамен толығып отыр. Кәсіпорынның іске қосылуы жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық алаңын қалыптастырып, шетелдік тұтынушыларға дайын өнім жеткізетін экспорт тізбегін құруға мүмкіндік береді. Бұл – елімізді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, дайын өнім шығаруға бағытталған индустриялық саясаттың нақты жемісі. 30 гектар аумақты алып жатқан өндіріс кешенінің техникалық мүмкіндіктері өте жоғары. Маңыздысы сол, бұл жобаның халыққа әкелетін әлеуметтік пайдасы орасан зор. Жаңа зауыттың іске қосылуы арқылы өңірде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Болашақта олардың саны бірнеше есе артады», – деген аймақ басшысы осынау игі іске үлес қосқан барша маманға, инженерлер мен құрылысшыларға, инвесторларға және серіктестерге алғыс айтты.
«Alpecon Group» ЖШС-ның бас директоры Самат Балабеков кәсіпорынның ашылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту, экспорт әлеуетін арттыру бойынша берген стратегиялық тапсырмасына сәйкес келетінін атап өтті.
«Басты мақсатымыз – 2028 жылға қарай шикізат өндірісін, цифрлық технологияларды, маман даярлауды, ғылыми зерттеулер мен экспортты біріктіретін алғашқы толық циклді агроөнеркәсіп кластерін қалыптастыру.


Бүкіл экожүйені құрған кезде Жетісу өңірінен Түркістан облысына дейін қабылдау пункттері болады. Оған 10 000-ға дейін фермер мен 500 мыңға жуық ауыл шаруашылығы саласының қызметкері тартылады. Бірлескен жұмыстың арқасында еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатынымызға сенімдімін», – деді Самат Жұмабайұлы.
Шара барысында жаңа нысанның лентасы қиылып, тұрғындар мен қонақтар зауыттың өндіріс цехтарын аралап көріп, технологиялық қуатымен танысты.
Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы компания басшылығымен және жоба серіктестерімен бірге екінші зауыттың іргетасына уақыт капсуласын салды. Болашақта жеміс сақтау қоймаларынан бастап, цифрлық басқару платформасы мен маман даярлау академиясы бар толық циклді агроөнеркәсіп кластері бой көтереді.
Бұл жоба тек Алматы облысының ғана емес, еліміздің өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге, экспорт әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етіп, ел игілігіне қызмет етеді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Еңбекшіқазақ ауданы