Перейти к содержимому
Главная страница » Мал азығын дайындау – маңызды науқан

Мал азығын дайындау – маңызды науқан

«Қыстың қамын жаз ойла» деген халық даналығы әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Осыған орай Балқаш ауданында мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысатын шаруашылықтар қысқы мал азығын дайындау жұмысын қарқынды жүргізуде. Қыс мезгілінде төрт түлікті жем-шөппен толық қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығы саласындағы басты мәселе. Сондықтан шөп ору кезеңі аудан әкімінің тұрақты бақылауында болып, жауапты мамандар науқан барысын күнделікті қадағалауда.

Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, биыл өңір бойынша 28 902 гектар суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның ішінде 15 401 гектар алқапта көпжылдық шөп өсіп тұр. Қазіргі таңда жоңышқаның 7 415 гектары шабылып, 6 900 гектары бастырылған. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерді құрап, нәтижесінде қысқы мал азығына 24 150 тонна шөп дайындалған.

Қысқы мал азығын дайындау жұмысына  жұмыла кіріскен шаруашылықтардың қатарында «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.

Жақында аталған шаруашылыққа арнайы барып, онда жұмыс барысы және шөп шабу қарқынымен таныстық. Шаруашылықтың 2 990 гектар суармалы алқабына көпжылдық шөп егілген. Олар бүгінге дейін оның 2 300 гектарын шауып, 1 500 гектарын бастырған. Қазіргі уақытта шаруашылық 1 500 тонна сүрлем дайындап, 10 мың орам шөп қорын жасақтап үлгерген.

Сапар барысында шаруашылықтағы еңбек адамдарының күн-түн демей жұмыс істеп жатқанын көріп, науқан қарқынының көз қуантарлығын байқадық.  Тіпті, ондағы Марат Құлманбетов, Ұлан Жуасбаев, Самат Қосаумасов, Думан Қожахметов, Мұрат Құлманбетов және Ердос Дәулетбақов сынды механизаторлармен бірер ауыз тілдескенімізде, олар биылғы жоңышқаның сапасы жоғары екенін тілге тиек етті. Мамандардың айтуынша, уақытылы жиналған балауса шөп қыс мезгілінде мал үшін аса құнарлы азық болады-мыс.

Қазіргі таңда 170 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық шөп шабу науқанына заманауи техникаларды да  жұмылдырған. Атап айтқанда, екі «MacDon», он екі «МТЗ-1221», он алты «МТЗ-80» және бір «YTO-1304» техникасы дала жұмыстарында үздіксіз еңбек етуде.

Осындай берекелі істің нәтижелі болуы – шаруалар үшін ортақ мақсат. Жаздың аптап ыстығына қарамастан еңбек етіп жүрген диқаншылар мен механизаторлардың еңбегі ақталарына кәміл сенеміз.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы