Тәуелсіз еліміздің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы жыл озған сайын жаңа сипат алып, өнегелі өзгерістерге бет бұрғаны, әлбетте, игілікті істің нышаны. Мемлекетіміздің өркениетті елдердің қатарынан көріну мақсатында саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани жаңғыру жолына айшықты қадам басқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, Жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін ұлттық сипатта жасалып жатқан іс-шаралар жас ұрпаққа, барша халыққа үлгі-өнеге болады деген үміт зор.
Осы мақсатта біртіндеп қазақстандықтардың өміріне еніп келе жатқан игі бастамалардың бірі табиғаттың тамаша мезгіліне сәйкес, көктемнің шуағымен шырай шашып келетін Алғыс айту күні деп айтар едім. «Алғыс» деген сөздің өзі құлаққа қандай жағымды естіледі! Бала күнімізден үлкен ата-әжелер мен аға-жеңгелерден алғыс естіп өскен бүгінгі біздер, ардагерлер үшін бұл сөздің құдіреті күшті, маңызы зор. Жас кезімізде алғыс алу қандай керемет болса, қазіргі күнде біздерге алғыс айту да сондай ғанибет!
Алғыс айту күні келешекте ұлттық мерекелік сипат алады деп білемін. Өйткені бұл күн қазақ елінің барша халқына ортақ, тікелей қатысты деп түсінемін. Үлкен-кіші демей, ұлтына қарамай, адамдардың бір-біріне деген ризашылық пейілі мен ақ ниетінің нәтижесі алғыс арқылы білінеді. «Рақмет» деген бірауыз сөзді естігенде жүрегің жылып жүре беретіні ақиқат емес пе?! Марқайып, масайрап қалатының да осы сәт.
ХІХ-ХХ ғасырда Қазақстан Республикасы көпэтносты мемлекет болып қалыптасты. Столыпин реформасы кезінде кең-байтақ қазақ жеріне көршілес жатқан Ресей, Украина, Белорусь елдерінен 1,5 миллионға жуық қарапайым халық қоныс аударды. Тіпті Түркия, Германия, Корея сияқты алыс шетел тұрғындары да Қазақстанға көшіп келіп, жергілікті халықтың қатарына қосылды. Түрлі тарихи оқиғаларға байланысты қиыншылық пен қудалаушылық көрген жандарды қазақ жұрты еш ренішсіз қарсы алып, ұлттық қасиетімізге сай қамқорлық көрсетті. Міне, күні бүгінге дейін ортамызда өмір сүріп жатқан осы халықтардың өкілдері қазақ ұлтына, мемлекетіне деген алғыстарын айтудан жаңылған жоқ. Оған біздің облысты мекендеген басқа ұлт өкілдерінің қошемет-құрметі нақты дәлел бола алады. Тіпті туыстасып, қыз алысып, қыз берісіп жатқан шаңырақтар аз ба?! Алғыс айту күні – өткенге тағзым, бүгінге ризашылық білдірудің жарқын белгісі. Бұл мереке өскелең ұрпақтың қамқорлық сезімін оятатын, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайта түсуге оң ықпал ететін қасиетті күндердің біріне айналып отыр. Алдағы уақытта Алғыс айту күні жалпыхалықтық сипат алып, әсіресе, жас өркенге тәлім-тәрбиелік әсері зор болатынына сенім артамын. Қазақта «Қарғыс алма, алғыс ал» деген мақал бар. Дана халқымыз қалай тауып айтқан?! Олай болса, тек қана мереке күні ғана емес, жыл он екі айдың бар тәулігінде алғыс естіп, алғыс айтып өмір сүргенге не жетсін?!
Шашубай Малдыбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
еңбек ардагері