Абай облысындағы орман өртінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына Семей қаласындағы Қарағайлы шағынауданындағы көпқабатты үйлерден жаңа пәтерлер берілді. Бұл туралы Абай облысының әкімдігі хабарлады.
Пәтер кілттері өрт салдарынан қаза тапқан 14 орманшының отбасына, сондай-ақ тракторшы Сергей Архиповтың отбасына табысталды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілттерін тапсырды.
«Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пәтерлер барлық қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз», – деп атап өтті Ұранхаев.
Бұған дейін үкімет белгілеген көмек бойынша әр отбасыға 7 млн теңге, сондай-ақ, қосымша әр балаға 2 млн теңге төленеді. Көмекке асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ жайластырылған тұрғын үй беру кіреді. Сонымен қатар, қайтыс болғандар мен олардың отбасыларының несие жүктемесіне ықтимал есептен шығару үшін талдау жасалады.