Облыстық білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен Жамбыл ауданында «Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты педагогтарды марапаттау кеші өткізілді. Ұзынағаш ауылының Мәдениет үйіндегі салтанатта өңірдегі білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ұстаздар ұлықталды.
Қала мен аудандардан келген ұлағатты ұстаздардың есімдері сахна төрінде ілтипатпен аталып, құрмет көрсетілді. Олай болмағанда ше? Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, саналы тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып жүрген жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Олардың білім беріп қана қоймай, адамгершілік, ізгі қасиеттерге баулып, жастарға ұлттық рухта бағыт-бағдар беруде еңбегі зор. Сондықтан да, ұстазды ұмытпау да, ұлықтау да парыз екені тағы еске салынды. Салтанатты кеште өңірдің үздік ұстаздарын облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының бас маманы Асқар Ташранов құттықтап, марапаттарын тапсырды.
«Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз есімі де шәкірттеріне күндей жарық береді. Сіздердің дана көңілдеріңіз әр оқушының жандүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде», – деген жарқын сөздермен басталған іс-шарада өңірдің үздік 122 мұғалімі түрлі марапатқа ие болды. Олардың арасында жалпы білім беру мекемелерімен қатар қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері де болды.
Алдымен елімізде бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі және оқушылар арасында ұлттық мектеп лигасын насихаттауға сіңірген еңбегі үшін бір топ спорт саңлағы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олар – Ділмұрат Исламов, Рауан Өсімбаев, Аслан Нұрмаханбетов, Дина Әділбаева, Болат Аязбаев, Азизбек Төрткүлбаев, Наурызбай Артанов, Қуаныш Исин, Юсупжан Аблизов, Дидар Бақтыбаев және Шолпан Әміреева. Одан соң білім беру жүйесіндегі кәсіби біліктілігі және өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім берудегі жеткен жетістіктері мен дене шынықтыру саласына қосқан үлестері үшін ұстаздардың бірқатары облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, білім басқармасының Құрмет грамотасы білім мекемелеріндегі әскери-патриоттық тәрбиенің дамуына қосқан елеулі үлестері үшін 20-ға жуық алғашқы әскери дайындық пәндерінің жетекшісіне берілді. Одан бөлек, облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хаты 25 ұстазға тапсырылды. Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарының бірнеше дене шынықтыру пәндерінің мұғаліміне де осындай құрмет көрсетіліп, Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене тәрбиесі орталығының Алғыс хаты табысталды.
Сахнада сөз алған облыстың оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асан Омашев аудандық, қалалық білім бөлімдерінің 2022-2023 оқу жылындағы жалпы атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша үздіктерді жария етіп, марапаттарын тапсырды. Бұл орайда, 1-орын Іле, 2-орын Жамбыл, ал 3-орын жүлдесі Қарасай ауданына берілді. Сонымен қатар, облыстың жалпы білім беру мектептерінің 5-6, 7-8, 9-11-сыныптарындағы ұлдар, қыздар арасындағы «Ұлттық мектеп лигасы» ойынында жалпыкомандалық есеп бойынша озып шыққан жүлдегерлерге құрмет көрсетілді. Мұнда Қарасай ауданы 1-орын, Іле ауданы 2-орын, Еңбекшіқазақ ауданының командасы жүлделі 3-орынға ие болды.
«Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» атты марапаттау кешінде педагогтардың қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектері құрметпен атап өтілді. Өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстары және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріне толымды табыс тілейміз.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы