Алматы облысында жыл басынан бері сүт безі обырына шалдыққан 200-ден аса науқас тіркелген. Бұл туралы Алматы өңірлік көпсалалы клиникасының онкомаммологы Дәулет Айдаров баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
Даулет Айдаровтың айтуынша, бұған дейін еліміздегі барлық онкологиялық диспансерлерінде “Қызыл қазан”атты акция, яғни ашық есік күні өтті. Бұл күні әйелдер маммологтан тегін кеңес алу және УЗИ-ден тегін өту мүмкіндігіне ие болды.
“Сүт безі обырын ерте анықтағанда емделу ықтималдығы өте жоғары және 90%-дан астам жағдайда емделеді. Аурудың 3 және 4 –ші сатысында ем-дом шаралары айтарлықтай нәтиже бермейді. Көбінесе әйел адамдар скринингтен өтуден қорқып, салғырт қарап жатады. Кез келген сырқат түрі ерте анықталса емдеу де оңай болады. Сондықтан денсаулыққа жауапты қарауға шақырамын”, – дейді Даулет Айдаров.
Өңірде биылғы жылдың көрсеткіші бойынша алғаш рет анықталған қатерлі ісікпен 1528 науқас есепке алынған, оның ішінде 226 науқас сүт безі обырымен тіркелген. Жалпы, облыста 2295 әйел сүт безінің қатерлі ісігімен ем алып жатыр және диспансерлік есепте тұрады.
Мамандар Қазақстанда әйелдер екі жылда бір рет тегін профилактикалық маммографиядан тексеруден өтіп тұруы керектігін ескертеді.
Айта кетейік,тегін қатерлі ісік скринингіне байланысты барлық ақпаратты еліміздегі кез келген емханадан алуға болады.