Ниетің мен қабілетің болса, қолайға келмейтін шаруа болмайды. Оған әлеуметтік бағытта бизнес жүргізуді ойға алған жас кәсіпкер Альмира Дүкенбаеваның бастаған ісі дәлел. Ол алдымен «Айбын» балалар орталығы мен ересектерге арналған жаттығу залын ашып, бұған қоса экологиялық таза өнімдерді сатуды жолға қойған. Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан бұл нысандар бүгіндері қалыпты жұмыс істеп, тұрғындар қажеттілігін өтеуде.
– Мен ұстаздар отбасында өскендіктен, бала кезімнен білім саласына деген қызығушылығым басым болатын, – дейді Альмира бизнесі жайлы сөз қозғағанда. – Болашақ жолымның қалыптасуында ұзақ жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келе жатқан анам Гүлнар Жылыбаеваның ықпалы зор. Бала өзіне қажет дағдыны жас кезінен бойына сіңіру керегін алдымен анамнан үйрендім. Сондықтан мамандық таңдауға келгенде көп ойланбадым. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университетке түсіп, үшінші курстан бастап құлағы нашар еститін балаларға арналған мектепте жұмыс істей бастадым. Тұрмыс құрып, бала тәрбиесімен үйде отырған кездерім болмаса, осы салада еңбек етуімді тоқтатқан жоқпын. Үлкен қызым мектепке барғаннан кейін сабақ берудің түрлі әдіс-тәсілін тереңірек зерттеп, өз тәжірибемде пайдалануды әдетке айналдырдым. Шығармашылықпен жасаған жұмысым нәтиже беріп, үш балам да жақсы білім алды. Ал қызым мектепті үздік бітіріп шықты. Осыны байқап жүрген құрбыларым, көршілерім мен таныстарым менің білім беру мен тәрбие тәсілім жайлы білгілері келетін. Осылайша оларға да көмектесіп, балаларына тәлімгерлік жасауды бастадым. Университетте алған білімім мен жеке тәжірибем өзіме деген сенімімді қалыптастырып, ақыры жеке шаруамды бастауға мұрындық болды. Соның нәтижесінде 2019 жылы «Альмира» атты жеке кәсібімді аштым.
Қуат Қайранбаев