Абай Құнанбаевтың асыл мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Шығармалары әр жанның жүрегіне жылу сыйлап, бойға қуат береді. Сондықтан ақын мұрасын ұлықтауға қатысты игі шаралар ешқашан толастаған емес.
Абай есімін ардақтаған айшықты жиын Заречный ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжінде көрініс тапты. Колледж ұжымы облыс аумағындағы жабық мекемелерде оқу саласы бойынша еңбек ететін мамандардың басын қосып, адамзаттың алыбына айналған тұлғаның шығармашылығын асқақтатуды жоғары деңгейде ұйымдастырған. Барлығы бірдей ұлттық нақышта киініп, сан қырлы талантымен танылған ұлы тұлғаның қазаққа деген асқақ махаббатын айрықша сезіммен паш етті.
Абай шығармашылығының көркемдік ерекшелігін кестелеп, бай сөздік қорын тарқатып, оқытушылардың рухани бірлігін нығайтуды мақсат еткен облыстық байқаудың ережесі қатысушыларға ерте беріліп, дайындықпен келуі алдын-ала ескерілген. Сайыс тәртібі бойынша білім беру ұйымдарының инженер-педагог қызметкерлері үш кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезең – «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Абай өлеңдерін жатқа оқу керектігі ұсынылып, сөйлеу мәнері ерекше ескерілді. «Абайдың қара сөздері» кезеңінде сайыскерлер ұлы ақынның қара сөздеріне ден қойып, тәрбие үрдісінде қолдану мазмұнын тарқатып, ұстаздық тәжірибесінде пайдалану жолы көрсетілді. «Көңілім әнді ұғады» атауымен өткен үшінші кезеңде Абайдың әні әуелеп, қатысушылардың аспапта ойнау шеберлігі, дауыс ырғағы бағаланды.
Облыстық әдістемелік орталығы, Қонаев қалалық кітапханасының басшысы, Алматы облысы бойынша сотталғандарды еңбекпен қамтамасыз ету тобының бас маманы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бақ өкілдерінен құралған қазылар алқасы сынға түскен сайыскерлердің сөз саптауын, сахна мәдениетін, жатқа, мәнерлеп оқу шеберлігін қадағалады. Байқау қорытындысы бойынша, III дәрежелі дипломмен Заречный көпсалалы колледжінің әдіскері Гүлнұр Рахымбекова, Жауғашты техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Оксана Калинина, Заречный кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Мұхаметәлі Рахметов марапатталды. Кезеңдер бойынша ерекше көзге түсіп, шеберлігімен көрермендерді тәнті еткен Заречный ауылындағы көпсалалы колледжі оқытушылары Айдос Жүнісбек пен Қайрат Керімбеков II орын иеленді. Ал облыстық байқаудың I дәрежелі дипломы Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, оны өз тәжірибесінде қалай, қай жерде қолдану керектігін тебірене түсіндірген Заречный ауылындағы кәсіптік-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Ернат Қасеновке берілді.
Абай атамыздың асыл сөздері арқылы тәрбие мәнін тереңдеткен байқау көзі ашық көкіректерге нұр болып құйыла беретінін анық көрсетті.
Құралбек СӘБИТОВ