Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында қылмыс деңгейі 6%-ға төмендеді

Алматы облысында қылмыс деңгейі 6%-ға төмендеді

60 қаралым

Алматы облысында құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірдегі қылмыс деңгейі 6%-ға азайып, 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 58-ден 54-ке дейін төмендеді.
Әсіресе, көшелердегі қылмыс 15,2%-ға, ал қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 20,8%-ға азайған. Тәртіп сақшылары қылмыс жиі орын алатын 115 нысанды анықтаған.
Профилактикалық жобалардың маңыздылығын өңірлік прокуратураның Басқарма бастығының орынбасары Алмас Жалғасов былайша түсіндірді:
«Азаматтардың белсенділігі арқасында «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын 24 елді мекен қолдап, оның 9-ында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Біздің басты мақсатымыз — қылмыстың себептері мен тәуекелдерін алдын ала анықтап, тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету».
Сондай-ақ, заманауи технологиялар да кеңінен қолданылуда. Облыста 9,4 мың бейнекамера орнатылып, олардың көмегімен 947 қылмыс ашылды. Ал «Алтын Орда» мен «Апорт Молл» нысандарында адамның бет-әлпетін танитын 18 камера орнатылған. Бұдан бөлек, құқық бұзушылыққа бейім адамдармен мекенжайлық жұмыс жүргізуге арналған «TURAN» жүйесі енгізілді.
Интернет алаяқтықпен күрес аясында OLX, Krisha және Kolesa платформалары арқылы 13 мыңнан астам алаяқтық нөмір анықталып, оның 9 мыңнан астамы бұғатталды. Ал 1 817 тұрғын онлайн кредит алуға ерікті түрде тыйым салу қызметін пайдаланды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру нәтижесінде сегіз айда сотқа 2 100 қылмыстық іс жолданды. Прокурорлардың қадағалауымен 2 838 заңсыз шешімнің жолы кесіліп, конституциялық құқықтардың бұзылуы екі есеге азайған.

↑