Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау бастаған «Respublica» партиясының өкілдері Талғар ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады. Олар Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің құрылысы және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Аяла» арнайы әлеуметтік қызметтер орталығының жұмысымен танысты.
Көктал ауылы Айғаным шағынауданында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысындағы басты түйткіл – о баста жобалау жұмыстарында өрескел қателіктер жіберілген. Мектепке келетін жол да жоқ. Оның үстіне жер асты суларының көтерілуі және бұрынғы мердігер компания бөлінген қаржыны банктен ала алмауына байланысты құрылыс жұмысы белгіленген мерзімде басталмаған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясының жетекші маманы Бағдат Имашевтің айтуынша, соның салдарынан ол компаниямен келісім-шарт бұзылып, 30 мамыр күні «ШЖХ жол активтерінің ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен жаңа келісімшарт жасалып, кірме жолдарды орташа жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп жатыр. Қазіргі күнге мектеп салу және оған қызмет көрсету үшін 2,12 гектар жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ атына рәсімделген.
Ал жаңа мердігер «KazSMU» құрылыс компаниясы директорының орынбасары Исмайыл Кулиновтың сөзіне жүгінсек, бұл мектептің құрылыс жобасы, геологиясы мүлде дұрыс болмаған. Сол себепті жоба толықтай өзгертіліп, Құрылыс және жобалау саласындағы мемлекеттік ғылыми зерттеу институтының ұсынуымен жаңа үлгіде қайта салынғалы отыр. Себебі бұрынғы жобада жер асты суларының жақындығы ескерілмей, геологиялық тұрғыда қателіктер кеткен. Енді олар түзетіліп, тіреуіш діңкектер орнатылатын болады.
Ал жер асты суларына байланысты жергілікті билік өкілдері аудан әкімдігі тарапынан оларды тиісті арықтарға ағызатын дренаж жүйесі қарастырылғанын айтты. Алдағы оқу жылына дейін ұлттық жоба аясында 600 орынды жайлы мектепке айналып, екі ауысымда 1200 баланы қабылдауы тиіс нысанның әлі тек шұңқырлары ғана қазылып, көзге көрінерлік ешқандай жұмыс атқарылмағанына Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау қатты қынжылыс білдірді.
– Бұлай болмайды. Құрылыс қарқынын анағұрлым жеделдету қажет. Бірақ жеделдетеміз деп, сапаны назардан шығарып алмаңыздар. Өйткені, бетон кебуі тиіс, басқа да құрылыс талаптарын сақтау – міндет. Біз бұған дейін Жаңалық ауылындағы мектептің құрылысын да көрдік. Ол жерде жұмыс жақсы жүріп жатыр. Сіздер де барлық талаптарды сақтай отырып, қарқынға қарқын қосуларыңыз қажет. Міне, біздің партиялас әріптестеріміз де осында. «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек, оның орынбасары Бақтияр Қабас, осы партиядан облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Түсібиянова жиі-жиі келіп, жұмысты бақылап отыратын болады. Біз өз тарапымыздан мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, – деді ол.
«Respublica» партиясының өкілдері бұдан соң Талғар қаласындағы «Аяла» арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына келді. 2021 жылдан бері жұмыс істейтін бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін 110 төсек-орын бар. Соның 70 орны күндіз-түні 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін стационар болса, 40 орын 1,5 жастан 18 жасқа дейін уақытша немесе ұзақ уақыт бойы қызмет көрсететін жартылай стационар. Орталықта 160 адам тұрақты жұмыс істейді.
Орталықты аралап, балалардың жағдайын, мамандардың қызметін көрген Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау олардың қажырлы еңбектеріне ризашылық білдіріп, алғысын айтты. Сондай-ақ арнайы мекеме басшылығынан шешілмеген және қолдау көрсетуді қажет ететін қандай мәселелер бар екенін сұрады. Аутизм, ДЦП, даун синдромы және басқа да ауруға шалдыққан балаларға арнайы мамандар естуі, тірек-қимыл аппараты, көруі, сөйлеуі, өзгелермен қарым-қатынасы және мінез-құлқы нашар балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін орталық өкілдері мұнда балалар үшін де, қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалғанын, еңбекақылары жылдан-жылға көбейіп, уақтылы берілетінін жеткізді.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы