Қазіргі таңда «Орман» республикалық жедел-профилактикалық шарасы жер-жерде өткізілуде. Бұл іс-шара Кеген ауданында да жалғасын тапты. Мақсаты – орман аумағында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету.
Аталмыш шараға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы және Кеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, ішкі істер органдары, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының өкілдері мен еріктілер қатысты. Тексеру барысында орманда заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша үгіт-насихат жұмысы жүргізілді. Жалпы, табиғат аясына шыққанда тек арнайы бөлінген орындарда ғана от жағып, тамақ даярлау керек.
Осындай талаптарды түсіндіріп өткен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Айбол Құсайынов аталмыш шара ҚР Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы бірлескен жоспарға сәйкес өтіп жатқанын, «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Кеген орман шаруашылығына қарасты Жалағаш орман шаруашылығы, Шет Меркі, Орта Меркі және Екіаша аймақтарына да тексеріс жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, ақпараттық парақшалар таратылғанын айтты.
Кеген орман шаруашылығының директоры Айболат Солтанғазиев та орманда қауіпсіздік пен тазалықты сақтаудың маңызды екенін, осы орайда демалушыларға белгіленбеген жерлерге от жақпау және де қоқыс тастамау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады.
Дәурен Ермекбай,
Кеген ауданы