Тамылжыған тамыз айының орта шенінде әсем ғимараттар тұрғызып, қала көркін арттырып, сәулетті сарайлардың, көпқабатты үйлердің бой көтеруіне себепші болып жүрген құрыш қолдылардың кәсіби мерекесі атап өтіледі. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да құрылыс саласының құнын білетін майталман мамандар марапатталды. Қонаев қаласындағы Мәдениет үйіндегі мерекелік басқосуда сала үздіктеріне сый-құрмет көрсетілді.
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін құрылыс саласы жыл өткен сайын қарқын алып, ерекше дамып келеді. Аймақ тұрғындарының баспаналы болуына негіз қалап, халықтың әл-ауқатының жақсаруы жолында қызмет ететін құрыш білектілер қандай болсын құрметке лайықты. Олардың еңбек іздері көпқабатты пәтерлердің, сәулетті сарайлар мен дәулетті ғимараттардың, ауруханалар мен емдеу орталықтарының, мектептер мен балабақшалардың бедерінде сайрап жатыр. Сондықтан да ең қажетті мамандық иелерінің жауапкершілікті жұмысына қашанда жоғары баға берілмек.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов жаздың аптап ыстығына, қыстың қаһарлы суығына қарамастан қажырлы еңбек етіп келе жатқан құрылыс саласы қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ аталмыш саладағы айтулы жетістіктерді тізбектеп, өңіріміз әсем ғимараттармен толығып жатқанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Аймағымыздың көркеюіне үлес қосатын құрылысшыларға ерекше ілтипат көрсететін бүгінгі жиынның маңыздылығы зор деп есептеймін. Облысымыздың дамуына үлес қосқан сала ардагерлері мен күні-түні тыным таппай қызмет етіп жатқан құрыш білекті жандарға айрықша алғысымды білдіремін, – деп құттықтау сөзін арнады. Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында құрылыс саласының рөлі зор екенін, оның экономиканың негізі болып табылатынын айтып өтті. Нұржан Кеңесұлы
жаңа әкімшілік мәртебеге ие болған Қонаев қаласының жаңа даму стратегиясы да айқындалып, оның Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысымен бекітілгенін тілге тиек етті.
– Бас жоспарда қаланың жан-жақты дамуы айқындалған. Келешекте қалаға қосылатын елдімекендер мен тұрғын үй кешендері ескерілген. Жоспарды жүзеге асыру мерзімі 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Болашақта қала көпфункционалды әкімшілік, қаржылық және мәдени орталыққа айналмақ. Сонымен қатар, қала су рекреациясы, су спорты және туризм орталығына айналуда үлкен әлеуетке ие. Осы орайда қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жоспарда экономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіптің дамуы, білім беру, денсаулық сақтау жүйелері, инженерлік инфрақұрылым және қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша шаралар көзделген. Қонаев қаласының болашақ индустриалды-инновациялық дамуы үшін жасыл электр энергиясы көздерінің маңыздылығы зор, – деп өңір дамуының басты басымдықтарына тоқталды.
Облыс әкімінің орынбасары индустрия саласын дамыту және инвестицияларды тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен аймақта 2048 жылға дейінгі кезеңде 30 мың гектар аумақты қамтитын арнайы экономикалық аймақ құрылғанын айтып, оның Алматы қаласының солтүстігінде «Алматы-Қонаев» жолының бойында орналасқанын алға тартты. Жаңа экономикалық аймақ отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы ахуал қалыптастырып, бүкіл өңірдің дамуына жаңа серпін бермек. 2048 жылға дейін арнайы экономикалық аймақ аясында шамамен 3,7 триллион теңге инвестиция тартылып, 17 триллион теңгеден астам тауарлар мен қызметтер көрсетіліп, 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жалпы, жаңа экономикалық аймақтың қызметі туризм, медицина, көлік-логистикалық, білім беру және мәдени-демалыс инфрақұрылымының жедел дамуына алып келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Нұржан Кеңесұлы облыс аумағында жаңа Алатау қаласы құрылғанын, ол жерде шамамен 2,2 миллион адам тұрады деп болжануда екенін айтты. Алматы облысының дамуын Алматы агломерациясының дамуымен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі де сөз болды. Оның өзегі және орталығы Алматы қаласы болып табылады. Агломерация құрамына Алматы облысының бес әкімшілік ауданы кіреді. Олар – Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандары.
Облыс әкімінің орынбасары сөз соңында жоғарыда аталған барлық іс сала мамандарының қажырлы еңбегімен жүзеге асатынын айтып, аймақтың шырайын арттырған бір топ шебер құрылысшыларды Қазақстан Республикасы Құрылысшылар одағының, министрліктің, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ жауапкершілікті салада қажырлы еңбегімен дараланғандардың кеудесіне «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін тақты. Конституция күніне орай бірқатар сала мамандарына мемлекеттік наградалар табысталатынын да жеткізді.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламамен өріліп, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Осылайша өңіріміздің гүлденуіне зор үлес қосып, аймақтың әр кірпішінің қалануына қолы тиген құрыш білектілерге зор құрмет көрсетілді.
Құралбек Сәбитов