Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық шарасын қолдау және «Қоғамдық бақылау туралы» Заңы аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 15 тамыздан 15 қыркүйегі аралығында «Қоғамдық эко-бақылау» бойынша (абаттандыру, елді мекендердің, тарихи-мәдени және туристік объектілердің экологиялық жай-күйі саласында) республикалық акциясы жүргізілуде.
Жалпы республикалық акция шеңберінде туризм және тарихи-мәдени нысандарға эко-бақылау апталығы өтеді. Одан бөлек, абаттандыру саласында, оның ішінде жасыл желектерді суаруға, оларға күтім жасауға, жер қойнауын пайдалану нысандарына бақылау жүреді. Барлық апталықтарға қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, эко-волонтерлер қатысады.
Акция аясында республика бойынша барлығы 1,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 300 мониторингтік іс-шара өткізу жоспарланған.
Жобаның мақсаты жұртшылықты табиғатты қорғауға және оған ұқыпты қарауға, проблемалық мәселелерді анықтап, азаматтық қоғамды белсенді тарта отырып шешу. Сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысуға және жалпы әл-ауқатқа үлес қосуға дайын күшті, ұйымшыл және жауапты қоғам құруға ықпал етеді.
Аталған акция 4 тақырыптық апта шеңберінде өткізілмек:
1.Туристік және тарихи-мәдени нысандардың эко-мониторингі апталығы (15-22 тамыз);
- Абаттандыру, оның ішінде жасыл желектерді күту және суару саласындағы эко-мониторинг апталығы (23-30 тамыз);
3.Стихиялық полигондардың эко-мониторингі апталығы (31-7 қыркүйек);
4.Жер қойнауын пайдалану объектілерінің эко-мониторингі апталығы (8-15 қыркүйек).
Осыған орай, акцияның алғашқы күні «Көлсай көлдері» Ұлттық паркі аумағында өңірлік қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен эко-бақылау жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық эко-бақылау құрамында аудандық «Ішкі саясат бөлімі» ММ-нің басшысы Еркінбек Қалқаев, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов, «Қарқара» газетінің редакторы, қоғамдық кеңес мүшесі Ғани Бейқұтбай, «Шолпан» ресурстық орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Шолпан Жанбабаева, аудандық «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ-нің бас маманы Нұрқасым Нұрман бар. Шара барысында кеңес мүшелері «Көлсай көлдері» аумағында орналасқан демалыс үйлерімен сауда нүктелерінің жай-күйін бақылап, тиісті ұсыныстарын айтты.
Нұржан Төлемісов, «JS-Trevel» мекемесінің басшысы:
– Өздеріңіз көріп отырған эко комплекісіміз «Kolsay Lakes Town» деп аталады. «Таза Қазақстан» акциясы бойынша Көлсайдың тазалығына өте мұқият қараймыз. Қоқыс қалдықтарын шығарып отыратын көлігіміз бар, биыл демалыс үйінің аумағына 120 түп Тянь-Шань шыршасын ектік. Жылдан жылға туризм дамып келеді, дем алушылар қоқыс қалдықтарын арнайы қоқыс жәшіктеріне тастап жатыр, үйреніп қалды. Ұлттық парктің инспекторлары да аескерту жасап, қоқыс жәшіктерін көрсетіп жатады.-деді.
Хамит Ахметов, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық паркі директорының орынбасары:
– Жыл бойына «Таза Қазақстан» акциясы аясында он бес іс-шара өткізілді. Ұлттық парк аумағынан 88 тонна күл-қоқыс шығарылды. Жыл сайын 13 га жерге орман екпелері отырғызылып отырады. Биылғы жылы 54 мың түп Шренка шыршасы 13,9 га жерге отырғызылып, күтіліп бапталуда. Комитет арқылы «Жасыл даму» бағдарламасы аясында «Жасыл Даму» компаниясынан 14 дана күл-қоқысты төгетін жасыл контейнерлер келе жатыр. Сонымен қатар, «Көлсай көлі» аумағына екі автомат құрылғысы орнатылатын болады. Халықты фандомат арқылы күл-қоқыс тастамауға үйретуге бел буып отырмыз, бұл пилоттық жоба. Республика көлемінде екі ұлттық паркте, яғни «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық табиғи паркінде бастау алады. Халықтың табиғатқа деген аяушылық сезімін оятуда жыл сайын «Саябақтар шеруі» акциясы өткізіліп тұрады. «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша келген туристерге 120 мың дана био ыдырайтын қапшықтар тегін таратылып берілді. Бұл дегеніміз, айналамызды күл-қоқыстан тазарту болып табылады.- дей келе туристерді қоршаған ортаны ластамауға шақырды.
Бар игіліктің бастауы- тазалықта. Осыны әр қазақстандық ұғынса деген ұсыныс бар. Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, қыркүйек айының орта шеніне дейін жалғасын таппақ.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы