Қонаев қаласының орталық алаңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Парижде өткен Олимпиада қатысушыларын құттықтап, жеңімпаздарға демеушілердің көмегімен жаңа пәтер кілтін табыстады. Грек-рим күресінен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа Талғар ауданындағы «Достар» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер және 10 миллион теңгенің ақшалай сертификаты, сондай-ақ әйелдер боксынан қола медаль иеленген Назым Қызайбайға да Талғар ауданындағы «Жаңа өмір» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтердің кілті және 2 миллион теңгенің ақшалай сертификаты берілді.
Жеңімпаздардың бапкерлері де назардан тыс қалмады. Демеу Жадыраевтың алғашқы жаттықтырушысы Жұмахан Тұрғанбеков пен Назым Қызайбайдың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов екі бөлмелі пәтер мен 2 миллион теңгенің сертификатын еншіледі. Сондай-ақ облыс атынан Олимпиадаға қатысқан Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Мария Дмитриенко және Никита Чирюкинға да ерекше құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйақы ұсынылды.
Өз сөзінде облыс әкімі Олимпиададағы жетістік жай ғана спорттық жүлделер емес, батылдықтың, қайсарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі екенін айтты.
– Париж Олимпиадасындағы жүлделер – өңірдегі спорт тарихының жарқын жетістіктерінің жалғасы. Облыс атынан ел намысын қорғаған спортшылар – екі жылдан аса уақыт бұрын орталығы өзгерген Алматы облысының алғашқы Олимпиада қатысушылары. Облыс тарихында бұрын болмаған стенд ату мен нысана көздеуде өңір спортшылары ұлттық құраманың негізгі бөлігін құрады. Олардың табандылығы, бойындағы елге деген сүйіспеншілігі және жоғары жетістіктерге деген ұмтылысы әрқашан ел есінде қалады. Бұқаралық спортты дамыту және чемпиондарымызды қолдау үшін алдағы уақытта да спортшыларымыздың жарқын жеңістерге жетуі үшін біз барлық жағдайды жасайтын боламыз, – деген Марат Елеусізұлы өңіріміздегі спортты дамытуға қосқан үлестері үшін демеушілер – «ELIT STROY Group» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекзат Сармонов пен «КазСтройМонолит» компаниясының коммерциялық директоры Әлімжан Сәрсенбаевқа, бұдан бөлек «КаzSМU» компаниясы басшылығына ерекше алғыс білдірді.
Енді жүлдегерлердің спорттағы жолына тоқталып өтсек. Демеу Жадыраев алғашқы бапкері Жұмахан Тұрғанбековтің қолдауымен спорт әлеміне қадам басқан. Тынымсыз дайындық, қатаң тәртіп пен табандылықтың арқасында халықаралық аренада талай рет бақ сынап, елімізді әлем жұртшылығына мойындатып, талай рет жүлдегерлер қатарынан көрінген. Оның күміс медалі қазақ елі үшін көптен күткен, елді дүр сілкіндірген қуаныш болды. Себебі бұл – 16 жылдан кейін ғана қайталанып тұрған жүлде.
Париж Олимиадасында Демеу алғашқы белдесуінен-ақ колумбиялық балуан Алексис Муностанды 9:0 есебімен жеңіп, қарсыласына дес бермеді. Ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы, Токиода өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері, қырғызстандық Ақжол Махмутовпен күресті. Бірінші кезеңде қарсыласы есеп ашып, басым түсті, алайда оның ереже бұзғанынан кейін қырғызстандық балуанның ұпайлары есепке алынбады. Екінші кезеңде біздің балуан 3 ұпай алып, алтынға басты үміткер саналып келген қарсыласын жеңді. Жартылай финалда Әзербайжан спортшысы Санан Сулеймановпен белдесіп, финалға жолдама алды. Жапондық Нао Кусакамен өткен шешуші кездесуде ДемеуЖадыраев жекпе-жекті сенімді бастап, есеп ашты. Бірақ содан кейін жапондық балуан төрт ұпай еншілеп, белдесу соңына дейін басымдықты сақтап қалды. Нәтижесінде 5:2 есебімен Нао Кусака жеңіске жетіп, Демеуге күміс медаль бұйырды. Жекпе-жектен кейін ол алтын жүлдеге үміттенгенін, кей жерде мүлт кеткенін де жасырмады.
– Алғашқы белдесулерде қобалжу сезімі болған жоқ. Алаңда барынша еркін күрестім. Ал финалда халықтың, жанкүйерлерімнің үкілеген үміті мен қолдауынан мойнымда үлкен жауапкершілік тұрғанын сезіндім. Психологиялық тұрғыда қиын болды, Олимпиаданың мысы басып кетті. Бірақ бұл алдағы уақытта тағы да ерінбей дайындалуыма мотивация болады. Ешқандай жарақат жоқ. Сондықтан тоқтауға да еш негіз жоқ. Алдағы уақытта жаттығуды күшейтіп, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын, – дейді Демеу Жадыраев.
Қола медальды еншілеген Назым Қызайбай да бұл жүлде тек бастамасы екенін айтты. Ол облысымыздағы Жетіген, қазіргі Алатау қаласында дүниеге келген. Осы уақытқа дейін Қазақстанның үш дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы атанып үлгерген. Париж Олимпиадасында ол итальяндық Соррентиноны 4:1 есебімен, бразилиялық спортшы Барбоза де Альмейданы 5:0, колумбиялық Ингрит Валенсияны 4:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алады. Бірақ қытайлық У Юй одан айласын асырып кетеді. Дегенмен Назым Қызайбайдың жүлдесі алтынға бергісіз қола десек болады.
«Олимпиадада осал қарсылас болмайды. Төрт жекпе-жек өткізіп, қола медальға қол жеткіздім. Соңғы белдесуден кейін бір жағынан осы жүлдеге жеткеніме қуансам, бір жағынан бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді деген өкініш те болды. Кейін жеке бапкермен сөйлесіп, кем кеткен тұстарымды талқыладық. Алдағы уақытта дайындықты күшейтетін боламыз», – дейді Назым Қызайбай. Орталық алаңда ішкі толқынысын жасыра алмаған ол ата-анасы мен бапкерін сахнаға шығарып, жетістікке жетуіне себепкер болған асыл жандарға құрмет көрсетті. Сондай-ақ оған қолдау білдірген барша халыққа алғысын жеткізді.
Спортшыларды марапаттау аяқталғаннан кейін әр сенбі дәстүрге айналған «Aspan Fest» фестивалі өз жалғасын тапты. Бұл фестиваль Қонаев қаласында осымен 11-рет өткізіліп, сахна алаңында 70-тен астам эстрада жұлдызы өнер көрсетіп үлгерді. Қала тұрғындары жеңімпаздармен жүздескеніне қуанып, олардың қолын алып, суретке түсіп, керемет концерттің куәсі болып, ғажап әсерге бөленді.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы