Бұған дейін облыстағы елдімекендердің арасындағы жолаушы қатынасы мен тасымалын әртүрлі жекеменшік мекемелер жүзеге асырып келген еді. Ендігі жерде жолаушы тасымалын орталықтандырып, жүйелі әрі халыққа қолжетімді бағамен қамтамасыз ету үшін муниципалдық автобус паркі жабдықталды.
«Алматы облысының автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Бейсеғали Жүнісов басқарады. Парктің кеңсесі әзірге жалға алынған ғимаратта орналасқан. Алайда «Бәйтерек бір жерде тұрып көктейтінін» ескерген облыстық әкімдік Ынтымақ ауылына жақын тұстан 8 гектар жер бөліп отыр. Алдағы уақытта өздерінің тұрақты кеңсесі мен паркі болады.
Көліктердің сапасына қатысты да алыпқашпа әңгімелерді құлағымыз шалған соң, олардың да жайын сұрастырдық. Анықтағанымыздай, автобустар анау айтқандай ескі-құсқы емес, өндірістен 2017-2018 жылдарда шығарылып, қолданысқа берілген болып шықты. 2023 жылдың қаңтар айында құрылған серіктестік бұл күнде 28 елдімекен тұрғындарын қаладан ауылға, ауылдан қалаға тасымалдап отыр. Қыркүйек айында тағы екі маршрут қосылып, 11 ауылды қамтитын, барлығы 39 елдімекен бағытында қызмет көрсетілмекші.
Бейсеғали Исақұлының айтуынша, қазіргі таңда автобус паркінде 35 жүргізуші бар. Оларды жұмысқа аларда кадр бөлімі барлық құжаттарын мұқият тексереді. Жүргізуші санаты мен жұмыс өтіліне баса мән беріледі. Халықпен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, қойылатын талаптардың да көп болуы – заңдылық. Сондықтан пайдалану бөлімін қадағалайтын директордың орынбасары, қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің басшысы, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы, ауысым басшысы сияқты лауазымды тұлғалар автобус жүргізушілерімен әр ауысым сайын отырыс өткізіп, жүргізушілердің өздерін таза ұстауын, халықпен байсалды қарым-қатынас орнатуын, өрт қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздіктерді болдырмау мен алдын-алу жағдайында қалай жұмыс жасау керектігін түсіндіреді.
Сөздің шынын айту керек, өзіміз де қоғамдық көлік құралдарын пайдаланамыз, жолаушылардың әңгімесіне құлақ түреміз. Сонда аңдағанымыз, ызы-қиқы шуы көп қаланы қоя тұрып, қайта-қайта тоқтай беретін аялдамасы сиректеу, жүргізушісінің жүйкесі тыныштау делінетін ауылдар арасына қатынайтын автобустардың жүргізушілеріне қатысты да халықтың «Дөрекі, ұрысқақ, аялдамада тоқтар-тоқтамастан жүйткиді» деген сыңайдағы наразы сын-ескертпелері бар. Жалпы, жүргізушілермен «сабырлы, мәдениетті, төзімді, ұрыс-керістен аулақ болу» деген тұрғыда күніне, аптасына болмаса да, айына бір рет әңгімелесу жүргізіле ме? деген сұрақты ЖШС басшысына да қойған едік.
Автобус паркінің директоры: – Турасын айтқанда, жүргізуші – жалғыз, халық – көп, халықтың айтатын сын-ескертпелері де саналуан. Сондай жағдайларға қарамастан, олардың сабырлы болып, әр нәрсеге түсінушілікпен қарауын ескертіп отырамыз. Талапқа сай, жұмыс күні медициналық тексеруден басталады. Фельдшер ертеңгісін линияға шығатын жүргізушілердің алкогольді ішімдіктен таза және денсаулығының жақсы екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жұмысқа шығарады. Ауысым басшысының жұмысы – жүргізушілердің толықтай жұмысқа келіп, уақытылы шығуын бақылап, жол тәртібін бұзбай, халықпен дұрыс сөйлесіп, ауысымын ойдағыдай аяқтауын ескерту болып саналады, – деп атап көрсетті.
Құрылғанына жылдан аса ғана уақыт болса да, жұмысы біршама жолға қойылып үлгерген парк қызметіне көліктеріңіз көлденең қырсықтан аман болып, тұрғындар уақытылы діттеген жерлеріне жете бергей деп тілейміз!
Бейбіт Мекеев