Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Алатау лига – 2024» пилоттық жобасы биылғы жылдың 15 наурызында басталған болатын. Жоба аясында облыс аумағындағы барлық ауылдық округтерде спорттың футбол, волейбол, баскетбол түрлерінен әуесқойлар клубы ұйымдастырылған. Қазір олардың жалпы саны 150-ден асты. Аталған шара бұқаралық спортты дамытуға кеңінен жол ашуда.
Пилоттық жобаның 15 наурыз бен 15 маусым аралығында өткен бірінші кезеңінде әдемі ойын өрнегін көрсеткен Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандарының спортшылары 21 тамыз күні Райымбек аудандық спорт кешенінде екінші рет бас қосты. Бұл жолғы бәсекеге төрт ауданнан 16 команда, 300-ден аса спортшы қатысты. Салтанатты жиынды ашқан Райымбек ауданы әкімінің бірінші орынбасары Ғалым Жусанбаев қатысушыларды бұқаралық спортты дамытуға арналған айтулы мерекемен құттықтады:
– Дені сау ұрпақ – мемлекеттің баға жетпес байлығы. Бір алаңда бас қосу арқылы ынтымақ-бірлігімізді, тату тірлігімізді, салауатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетеміз, – деген Ғалым Сәлімұлы баптары мен бақтарын таразы талқысына салуға келген спортшыларға жарыс жолында сәттілік тіледі. Келесі кезекте сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Шәмшиев «Алатау лига – 2024» пилоттық жобасының мақсатына қысқаша тоқталды.
Салтанатты шара аяқталысымен волейбол, баскетболға арналған жарыс басталды. Волейболшылар кешеннің спорт залында, баскетболшылар Қызылшекара ауылында өткен жылы ғана пайдалануға берілген заманауи спорт кешенінде ойын көрігін қыздырды. Тартысты бәсекеде әр команда өз өңірінің абыройын асқақтату үшін барынша қажыр-қайрат танытуға тырысты. Шеберліктері мен тәжірибелерін, түрлі әдіс-тәсілдерді, айла-шарғыларды оңтайлы қолдана білу арқылы қарсыластарын қапыда қалдырған, жанкүйерлердің делебесін қоздырған сәттер аз болған жоқ. Сөйтіп, сәскеде басталған дүбірлі дода күнді ұясына қондырып барып, мәресіне жетті.
Волейболдан өткен бәсекеде Райымбек ауданының «Нарынқол» командасымен жарысқа түскен Еңбекшіқазақ ауданының «Қаражота» командасы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал Кеген ауданының «Арлан» командасы арасында өткен ойында Райымбек ауданы спортшыларының мерейі үстем болды. Ұйғыр ауданының «Достық» командасы мен Кеген ауданының «Қаршыға» командасы арасындағы тартыста жеңіс 2:0 есебімен кегендіктердің пайдасына шешілді. Баскетболдан Еңбекшіқазақ ауданының «Қаракемер» командасы мен Кеген ауданының «Арлан» командасы арасындағы бәсекеде 32:39 есебімен кегендіктердің қанжығасы майланды. Ұйғыр ауданының «Қара дала» командасы мен «Нарынқол» командаларының арасындағы ойын 36:20 есебімен шонжылықтарды бәйге төріне шығарды.
Айта кету керек, екінші кезеңнің қорытындысы 31 тамызда шығарылады. Осы күні жеңімпаздар анықталып, Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында өтетін үшінші кезеңге жолдама алады.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы