Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының мәжіліс залында облыс әкімі жанындағы терроризмге қарсы комиссиясының көшпелі жұмыс тобы жиын өткізді. Оған облыстық туризм басқармасының қызметкерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты. Күн тәртібінде «e-Qonaq» жүйесіне шетел азаматтарын тіркеу, олардың арасынан деструктивті діни ағым белгілері барын дер кезінде анықтау бойынша мәселелер қаралды.
Жиын барысында «e-Qonaq» жүйесіне шетел азаматтарын тіркеу жағдайы туралы облыстық көші-қон басқармасының аға инспекторы Айжан Мұратқызы қысқаша түсіндіріп өтті.
– Қабылдаушы тарап үш жұмыс күні ішінде шетелдік қонақтар Қазақстанға келгені туралы көші-қон полициясына «e-Qonaq» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға міндетті. Егер хабарламаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 518-бабымен жауапкершілікке тартылады, – деді аға инспектор.
Келесі кезекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департамент өкілі Қазақстан деструктивті діни ағымдарға қарсы күрестің үлкен тәжірибесі қалыптасқан елдердің бірі екендігіне тоқталды. Оның сөзінше, халықаралық қауымдастықтың заңды мүшесі ретінде Қазақстан Республикасы барлық шаралардың белсенді қатысушысы. Деструктивті діни ағымдармен ымырасыз күресті жүйелі жүргізіп келеді. Бірақ кейінгі кезде кейбір көрші елдерде болған террористік оқиғалар деструктивті діни ағымдарды анықтау, олардың арасынан террорлық акті ұйымдастыруға бейім мүшелерін тізімге алу және тағы да басқа шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын көрсетті.
Жиналыс соңында деструктивті діни ағымдарға қарсы күресте әр қоғам мүшесі мен мемлекет алдында тұрған әлеуметтік жауапкершілікті ұғына алуы тиіс екені, деструктивті діни ағымның белгілері бар шетел азаматтарын қадағалау қажет екені айтылды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы