Күні кеше ғана төрткүл дүниені дүбірге бөлеген даңқты Париж қаласы тағы бір айтулы аламанға төрін берді. Елисей алаңы, әйгілі Эйфель мұнарасының маңы мен Сена өзенінің жағалауында Паралимпиада ойындарының алауы тұтанды. Төртжылдықтың басты додасында барлығы 22 спорттан 549 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр. 28 тамызда басталған байрақты бәсекеде Қазақстан құрама командасындағы 44 отандасымыз спорттың 9 түрі бойынша бақ сынауда.
Ең әуелі Тәуелсіз ел ретінде жазғы Паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы алғаш рет 1996 жылы сынға түсті. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен дүбірлі додада 12 жерлесіміз спорттың екі түрі бойынша ел намысын қорғады. Тарқатып айтсақ, 2000 жылы Сиднейде – 2, 2004 жылы Афиныда – 8, 2008 жылы Бейжіңде – 3, 2012 жылы Лондонда 7 спортшымыз өнер көрсетті. Бірақ олардың ешқайсысы жеңіс тұғырына көтеріле алмады.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода тұңғыш рет Қазақстанның Гимні шырқалып, Туы көкте желбіреді. Бразилияда Зүлфия Ғабидуллинаның бақ жұлдызы жанып, ол еркін тәсілмен 100 метрге жүзуде алтыннан алқа тақты. 67 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен пауэрлифтингші Рауан Қойшыбаева күміспен күптелді. Бұл жарыста еліміздің 11 спортшысы сайысқа түскен еді.
2021 жылы Токиодағы додада 26 отандасымыз спорттың жеті түрі бойынша өнер көрсетті. Солардың арасынан Давид Дегтяров дара шықты. Паурлифтингтің хас шебері 54 кг салмақта қарсылас шыдатпады. Дзюдошы Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет, Зарина Байбатина күміс алса, суда жүзуден Нұрдәулет Жұмағали қолаға қол созды.
Биыл 21 тамызда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов 2024 жылғы XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы мүшелерімен кездесіп, спортшыларға Мемлекеттік Туды табыс етті. «Паралимпиада – бұл жай ғана спорт емес, бұл адам бойындағы қайсар рух пен шексіз ерік-жігердің шынайы көрінісі. Сіздердің жеңіске деген құштарлық, бейбіт күннің батырларына тән қаһармандық қасиеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Миллиондаған адам жанқиярлық еңбек пен өр мінезден шабыттанып, өмірдегі қиындықтарды еңсеруді үйренеді. Бүгін өздеріңізге табыс етіп отырған Көк Туымыз – айбынды рухымыз бен мызғымас бірлігіміздің, жарқын жеңістің нышаны. Мемлекет басшысы әлемнің ең басты спорт сайыстарында ел намысын қорғау мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік екенін айтты. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанды лайықты дәрежеде танытып, елімізге жоғары нәтиже, жаңа жүлдемен оралатындарыңызға сенімдіміз», – деп Үкімет басшысы спортшылардың үмітін үкілеген еді. Көк Туымыз Азия ойындарының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының он дүркін жеңімпазы Берік Ізмағанбетов пен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиеваға табысталды. Сөйтіп Паралимпиядаға жасақталған құрамамызды ақжол тілеп Еуропа төріне аттандырдық.
Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарына қазірге қоржынымызда бір алтын және бір күміс медаль бар. Алтын жүлдені пара пауэрлифтингтен 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Давид Дегтярев жеңіп алды. Жерлесіміз 188 кг салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдені 10 метрге паранысана көздеуден сынға түскен мергеніміз Еркін Ғаббасов еншіледі. Ол бұл спорт түрімен 14 жылдан бері айналысады. 2007 жылы құрылыс барысында құлап, тірек-қимылына зақым келген. Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, әлем кубогының күміс және қола жүлдегері. Үш баланың әкесі. Парамерген жетістіктерге жету жолында жанкүйерлерден бөлек анасы мен жұбайының көмегі зор болғанын айтады. Спортшының ендігі мақсаты 2028 жылы АҚШ-та өтетін Паралимпиада ойындарына қатысып, еліміздің Гимнін шырқату. Қазірге дарынды Давид Дегтярев, парадзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде белдескен Ақмарал Науатбек алтыннан алқа тақты. Оғы жерге түспейтін оғыланымыз Еркін Ғаббасов пен суға жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміспен күптелді. Ал ядро лақтырудан Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан Даяна Федосова қола жүлдеге қол жеткізді. Алда жарыс жолынан шығатын жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, Алаш жұртының мерейін асқақтатады деген сенімдеміз.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ