Есік қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығында салауатты өмір салтын ұстанып жүрген қарттар аз емес. Аталған мекеме зейнет жасындағы адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне зор үлес қосып келеді. Жуырда Шелек ауылында орталықтың жаңа филиалы жұмысын бастады. Оның ашылу салтанатына қатысу үшін өнерпаз ата-әжелермен бірге жолға шықтық.
Жалпы, Есік қаласында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы былтыр ақпан айынан бастап жұмысын бастаған. Енді, міне, бір жарым жыл ішінде алғашқы филиалы қарттарға есігін ашты. Негізгі мақсаты – зейнеткерлік жастағы адамдардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Орталықта 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік-психологиялық бағытта сауықтыру және жасарту бойынша психологиялық тренингтер, есте сақтау қабілетін нығайту, геронтопсихолог және дәрігердің кеңесі берілсе, әлеуметтік білім беру бағытында қариялар қазақ, ағылшын тілдерін меңгеріп, ІТ сауаттылығын арттырады. Бүгінгідей технология дамыған, оған қоса интернет-алаяқтар қаптаған уақытта бұл сабақтың маңызы зор. Сонымен қатар орталықта еңбек терапиясы, сәндік-қолданбалы өнер, агрокраудсорсинг, йога, емдік гимнастика, аква-аэробика, скандинавиялық серуендеу, цигун, ақыл-ой қабілеттерін нығайту жаттығулары, шахмат, тоғызқұмалақ, караоке, актерлік шеберлік, мерекелік флэшмобтар өткізу, би, хор, вокал, тағы басқа да үйірмелер бар.
Аз ғана уақыт ішінде мұнда келушілер саны 495-ке жеткен. Әр күнін жоспарлап, өзі үшін барынша тиімді әрі сапалы өмір үлгісін таңдаған қарттарымыз үйірмелерден бөлек, қоғам өміріне белсенді араласып, зияткерлік дағдыларды дамыту мақсатында мұражай, саябақ, демалыс орындарына экскурсияға жиі барып тұрады.
Бүгінгі сапарымыз да сол сабақтардың заңды жалғасы іспеттес. Олай дейтініміз, Шелекке бара жатқан апа-аталарымыз жаңа орталықтың ашылуында ән айтып, би билеп, ондағы қатарластарына жақсылықтың үлгісін көрсетіп, үйренгендерімен бөліспекші.
Жүздері бал-бұл жанған жандардың күлкісі мен қуанышы автобус ішін әдемі әсерге бөледі. Көп күттірмей, мандолина аспабының әдемі дауысы естілді. «О-о-о, Мәуегүл апай ән бастағалы жатыр», – дегенше болған жоқ, алдыңғы жақта отырған апамыз қазақ музыкасының королі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әнін әуелете жөнелді. Көліктегілер бірден іліп әкетті. «Нұрлы бейнең қандай жарқын, Арманысың қандай жанның, Шынарым-ай! Сен мөлдірсің, еркем! Тау бұлағындай» деген ақынның сырлы да сиқырлы сөздері әжелерімізді жастық шағына жетелеп кеткендей болды. Ата-апаларымыз Шелек ауылына жеткенше Шәмшінің, Нұрғиса Тілендиевтің, Алтынбек Қоразбаевтың әндерін нақышына келтіре шырқады.
Жанымда отырған апайдың аты-жөні Майгүл Рустамбекова екен. Төрт жылдан бері аудандағы «Алтын адам» әжелер ансамблінің мүшесі. Жасы – 65-те. «Кішкентай кезімнен өнерге жақын болдым. Қонақ келсе, әкем маған үнемі ән айтқызатын. Кезінде өнер жолына бағыттайтын, жол сілтейтін адам да болмады. Құқықтануды оқыдым. Аудандық сотта 6 жыл жұмыс істедім. Кейін тұрмысқа шыққан соң, балалардың тәрбиесімен отырдым. Біраз уақыт ауылдағы әкімшілікте жұмыс істедім», – деп сыр тарқатқан апай «Алтын адам» әжелер ансамблінің құрамына кіргелі балалық бір арманы орындалғанын айтады. Ары қарай «Белсенді ұзақ өмір» орталығындағы би үйірмесінің жетекшісі Гүлфия Мұхаметқалиқызын сөзге тарттық. Жеті жасынан аудандағы «Улыбка» ансамблінде өнер көрсеткен. Бүгінде орталықтағы ата-әжелерге би үйретеді. «Мұндағы кісілердің жасы алпыстан асса да, биге өте икемді, қозғалыстары да ширақ. Былтыр Алматы қаласында өткен «Асыл әже Almaty» байқауында да жүлдемен оралдық. Алдағы уақытта ондай жарыстың түр-түріне қатысамыз», – дейді Гүлфия ханым.
Шелек ауылына ерте жеттік. Әжелер автобустан түсе салып, дайындыққа кірісті. Аппақ кимешектерін киіп, көркем де кербез кейіпке енді. Ансамбльдің музыкалық жетекшісі Серік ағай қолына баянын алып, әжелерге әдемі әуенді бастап берді. Қазақтың дархан даласындай кең, асқар тауларындай биік, өзен-суындай мөлдір музыка маңайды тербетіп әкетті.
Сөйтіп «Белсенді ұзақ өмір» орталығының Шелек ауылындағы жаңа филиалын ашу салтанаты басталды. Салтанатты рәсімге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова, аталған басқарманың аудандық бөлім басшысы Қалдыгүл Айсина, Еңбекшіқазақ ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеулес Ұзақов, жергілікті әкімдік қызметкерлері, аудан, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» дейтін халқымыз алдымен ауыл ақсақалы Аянбек Дауытқұлов атадан бата сұрады. Одан кейін сөз алған басқарма басшысы Айгүл Матанқызы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатта халық денсаулығын жақсарту және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу міндеті жүктелді. Осы орайда «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының маңызы ерекше», – дей келе, жиналған жұртқа мықты денсаулық пен ұзақ өмір тіледі. Келесі сөз кезегін алған Алматы облысының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазыұлы: «Өмір кілті қозғалыста. Ал белсенді өмір – денсаулық пен сапалы сана кепілі. Осы орайда ашылып отырған орталықтың бізге берері көп болмақ», – деп ауыл ақсақалдарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырса, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тілеулес Дүйсебайұлы: «Қарттық – келер ұрпақтың, жас буынның бекіп, болашаққа батыл қадам жасауына бағыт-бағдар беретін жауапкершілігі мол кезең», – деп сөзін түйіндеді. Шелек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынұлы өңірдегі оң өзгерістерге тоқталып өтіп: «Байлық жер астындағы пайдалы қазбамен не қолдағы ақшамен ғана өлшенбейді. Ол адамдардың рухымен, елге жасап жатқан қызметімен өлшенеді. Сондықтан жер мен ел игілігі үшін жұмыла қызмет етейік», – деп жерлестерін жаңа орталықтың көркейіп, дамуы үшін күш салуға шақырды.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры Жания Сақташева орталықтың қызметімен жиналған жұртты жан-жақты таныстыра келіп, Алматы облысы бойынша орталықтың филиалдары бүгінде Қонаев қаласында, Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылында жұмыс істеп жатқанын, ал қазан айында Ұйғыр, Кеген, Райымбек, қараша айында Талғар, Іле, Балқаш, Қарасай аудандарында ашу жоспарланып отырғанын айтты.
Ал Есік қаласынан арнайы келген ата-апалар ауылдағы қатарластарын жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, ән мен биден шашу шашса, ақын Шаяхмет Құсайынұлы жыр арнады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы