Перейти к содержимому

Мергендер түсті жарысқа

       Александр Асанов атын­дағы ату клубында стенд атудан және компакт-спортингтен Азия кубогы басталды. Аталған спорттық дода елімізде алғаш рет жалауын желбіретіп отыр.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанда әлемдегі лицензиялық кубокты қабыл­дау. Бүгін, міне, стенд атудан Азия ку­богын Қазақстанда өткізуге мүмкін­дік туып отыр. Бұл біздің құраманың дайындығын арттырып, жеңіске же­туіне септеседі деп сенеміз», – деді ҚР Спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов.
Жарыстың басты мақсаты – ату спортының танымалдығын арттыру, спортшылардың шеберлігін шыңдау, рейтингін анықтау, жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін көтеру.
20-30 қыркүйек аралығында өтетін жарысқа құрлықтағы 20 елден таңдау­лы 300-ден астам спортшы қатысуда. Бұл қатарда Қазақстан, Бахрейн, Үндістан, Иордания, Иран, Катар, Қытай, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Жапония спортшылары бар.
Жарыстың ресми ашылу салтана­тында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев: «Құрметті спортшылар және спортсүйер қауым, Алматы облысында бастау алған стенд атудан Азия кубогына қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында жастар мен азаматтар арасында бұқа­ралық спортты дамытуға жағдай жа­сауды тапсырған болатын. Бұқара­лық спортты дамыту – мемлекетіміз­дің стратегиялық бағыттарының бірі және ел имиджінің көрсеткіші. Бүгінгі өткізіліп отырған жарысы­мыз болашақта үлкен дәрежедегі спорт­шыларымызды дайындап шыға­руға септігін тигізеді деп сенемін. Азия кубогы – біз үшін еліміздегі елеулі оқиға және үлкен мәртебе. Бүгінгі жарыста әлем елдерінен спортшылар қатысып отыр. Стенд ату – мергендікті, батылдықты, төзімділікті талап ететін ерекше спорт түрі. Қатысушыларға табыс пен жеңіс тілеймін», – деді.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Қазақстан спорттың осы түрінен бірқа­тар халықаралық жарысты жоғары дең­гейде ұйымдастырып келеді. Соның бірегейі – осы стенд атудан өтіп жат­қан Алматы облысындағы рейтингтік әлем кубогы. Сонымен қатар 21-24 қыр­күйек аралығында компакт-спортинг­тен ашық Азия кубогы өтті. Онда әлем­нің 10 елінен 100-ден астам спортшы бақ сынады.

Бағдат ШОЙБАС

Іле ауданы