Жамбыл аудандық әкімдігінде азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды жетілдіруге арналған оқыту жиыны өтті. Онда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормалары түсіндіріліп, өтініш берушілермен тиімді коммуникациялар орнату, «Е- Өтініш» ақпараттық жүйесімен жұмыс жайы талқыланды.
Аталған жиынға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы, аппарат басшысы Әмірхан Қалдарбекұлы, аудандық бөлімдердің басшылары, квазисекторлық мекемелер, ауылдық округ әкімдері мен мамандары, білім беру орындарының басшылары мен аудандық орталық аурухана қызметкерлері және «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесімен өтініштердің қаралуына жауапты мамандар қатысты. Аталған ақпараттық жүйе бойынша оқыту жиынына облыс бойынша азаматтар өтініштерінің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Зухра Тоқбаева төрағалық етті.
Бүгінгі таңда тиімді жүзеге асырылып жатқан «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі өтініштерге қатысты процестерді цифрландыруды қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдардың құзыретіне қарай оны автоматты түрде бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жүйе арқылы мемлекеттік органдар арасында сауалдар санын оңтайландыру есебінен өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға болады. Өтініштерді қарау кезеңінің барлық сатысы мен мерзімінде өтініш берушіні ақпараттандыру және мемлекеттік органдарға түскен өтініштердің бірыңғай базасын құруда да жүйе тиімділігін көрсетті. Сондай-ақ жүйе арқылы мемлекеттік органдардың жауабына міндетті түрде жүйелі талдау жүргізіліп, өтініштерді қараудың бірыңғай тәжірибесі оңтайланады. Оқыту жиынына қатысушыларға осы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы