Ел Президентінің биылғы Жолдауы жаңашылдыққа бет бұруға бағыт сілтеді. Бүгінде жасанды интеллектінің дәуірі басталғаны жасырын емес. Осыны негізге алатын жеке министрлік құру туралы шешім дұрыс болды.
Жасанды интеллектіні білім саласына, мектеп бағдарламасына енгізу де уақыт күттірмейтін іс. Жас ұрпақ жасанды интеллектіні меңгеретін болса, көптеген игілікке қол жеткізе алады. Осы орайда ұстаздарға жаңа міндет жүктелуде. Олар да жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыруы керек. Мұнымен қатар жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге дербестік берілмек. Ал Үкімет дарынды зерттеушілдерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
Бұрыннан айтылып келе жатқан екі палаталы Парламентті бір палатаға көшіру де дер уақытында көтерілген мәселе. Оны бір жылға дейін халықтың талқылауына шығарып отыр. Референдум өткізіліп, бұл шешімді халық қолдайтын болса, онда Сенат қысқарады. Ол – дүниежүзіне кеңінен таралған тәсіл. Көптеген мемлекетте бір палаталы Парламент жұмыс істеуде.
Жолдауда ауыл шаруашылығы бойынша өндіріс, қайта өңдеу орындарын тездетіп ашу керектігі де айтылды. Ауылға керегі де осы. Тері, жүн өңдейтін орындар, сүт зауыттарын ашу, мал бордақылайтын алаңдарды салып беруге Үкімет көмектессе, шаруаға ол да тиімді болар еді.
Қазір көп жерде газ текке жанып жатыр. Сол жанып жатқан газдың энергиясын игілігімізге пайдалану туралы да Президент тапсырма берді. Жастардың тәрбиесі, діни экстремизм, деструктивті ағымдармен күрес мәселесін де жеткізді. Осы салада тәрбие жұмысын күшейтуді тапсырды. Міне, Жолдауда айтылған осы мәселелер көпшілік көңілінен шықты, еліміздің ары қарайғы дамуына айқын бағыт сілтеді деп білемін.
Көпжасар Нұрлыбай,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы
ҚР Білім беру ісінің үздігі