Күн тәртібінің негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы.
Фракция мүшелері өңірде цифрландыруды дамыту, жасанды интеллектті енгізу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылады. Жиында мемлекеттік қызметкерлерді ChatGPT, Claude, Copilot және Midjourney сияқты заманауи құралдарды қолдануға үйрету бағдарламалары, Face ID және QR-код жүйелерін мектептер мен балабақшаларға енгізу, 9 мыңнан астам бейнабақылау камерасының жасанды интеллектке қосылуы, сондай-ақ Qonaev AI жобасының пилоттық жұмысы туралы айтылды.
Отырысқа облыстық басқармалар, депутаттар және сарапшылар қатысты. Өңірлік IT-хаб Alatau Hub директоры Бексұлтан Нұрақын цифрлық бағдарламалардың нәтижелерін баяндады.
«Alatau Hub бүгінде өңірдің негізгі технологиялық орталығына айналды. Саналы айдың ішінде біз 30-дан астам іс-шара өткіздік, 900-ден астам жас қатысып, 112 адам no-code және low-code платформаларында жоба жасауды үйренді. Жастарды IT-дағдыларға баулу арқылы біз жаңа стартаптар мен жобалардың пайда болуына жол ашамыз. Партиямен бірге біз аудандарға барып, ауылдағы тұрғындарды да осы мүмкіндіктерді жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Фракция мүшелері интернет сапасын жақсарту, деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептер мен колледждерде цифрлық пәндерді енгізу және мұғалімдерді жаңа технологияларды қолдануға үйрету мәселелерін де көтерді.
Отырыстың қорытындысы бойынша өңірде «Цифрлық қоғам» жобасын кеңейту, киберқауіпсіздік бойынша оқыту сессияларын ұйымдастыру және ауылдық округтерде тегін IT-курстар санын арттыру туралы ұсыныстар қабылданды.