Жылдағы дәстүрге сай қазақ күресінен “Балқаш бөрісі” аудандық іріктеу турниры өтті. Турнирдің мақсаты – елімізде қазақ күресін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастардың ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануына ықпал ете отырып, Отансүйгіштікке және патриотизмге тәрбиелеу, қазақ күресін ұлттық идея деңгейіне жеткізіп, халықаралық аренадағы беделін көтеру. Сонымен бірге өңірдің кіл мықтылары “Алатау арланы” облыстық турниріне жолдама алады.
Байрақты бәсекеге Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов, Қазақ күресінен әлем чемпионы, “Қазақстан барысы” турнирінің күміс, қола жүлдегері, жерлесіміз Руслан Әбдіразақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Балқаш ауданы бөлімшесінің бастығы Талғат Бекежанов, Талғар ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ербол Нұрғалиев, Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрметті азаматы Сайран Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, ауданның Құрметті азаматы, меценат Мұратбек Бейсебеков, спорт саласының ардагерлері Берік Ақбергенов пен Сайран Нұрайдаров, ауданның Құрметті азаматы Марат Қашқынбаев қатысты.
Тартысты додада 15 ауылдық округтен келген 31 балуан бақ сынады. Төрт кезеңнен құрылған турнирге Самғат Серікбай төрешілік етсе, бас төреші Абылай Дәткер болды.
Турнирдің шымылдығын түрген аудан басшысы өңірдегі спорт саласының даму қарқынына кеңірек тоқталып, балуандарға сәттілік тіледі. Дәл осы сәтте “Балқаш бөрісіне” үміткер балуандар белдесуді бастап кетті.
Боз кілемге алғашқы болып белдесуге Жиделі ауылының балуаны Айдын Айдосұлы мен желтораңғылық Абай Серік шықты. Бұл белдесуде 2006 жылы туылып, “Жас барыс” лақап атымен танылған жиделілік балуан таза жаңа есебімен қарсыласын сан соқтырса, бұдан соң ақдалалық Назтай Мейрамбек пен Бірлік барысы Абай Әлімханның ойын өрнегін тамашаладық. Екі достың боз кілемдегі белдесу кезінде бір-бірін ұзаққа дейін жеңе алмауы қос балуанның да мықтылығын дәлелдегендей. Соңғы минуттар қалғанда Абай Әлімхан басымдық көрсетті. Айта кетейік, Бірлік ауылының атынан шыққан балуан осыған дейін “Балқаш бөрісі” турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Өкінішке орай, ол жартылай финалға өтпеді.
Жарыстың жартылай финалында көкталдық балуан Әлімжан Жұмахметов бақанастық балуан Сағият Серікалиды ұтса, ал Айбол Айтбай жиделілік балуан Айдын Айдосұлын жеңіп, финалға өтті.
Қола жүлде үшін талас та тартысты өрбіді. Қос балуан жиделілік Айдын Айдосұлы мен бақанастық Серікқали Сағият та Балқаш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, ең жас балуандар. Айдын Айдосұлы – ҚР “Жас Барыс” турнирінің екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері, облыстық жастар арасындағы Қазақ күресі командасының мүшесі. Ал Сағият – ҚР Чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, облыстық жастар арасындағы Қазақ күресі командасының мүшесі. Белдесу кезінде екі балуан да өздерінің мықтылығын көрсетіп, бір-бірін ұзаққа дейін ала алмады. Қазақ күресінің ережесін бұзғаны үшін қос балуанға да бас төреші қатаң ескерту беріп, нәтижесінде жиделілік балуан мен бақанастық “Жас барыс” лақап атымен танылған балуандар тең түсіп, олардың арасында қола жүлдесі үшін белдесу сайысы орын алды. Дәл осы тұста жанкүйерлердің делебесі қозып, балуандарды жігерлендірген дауыстары үдей түсті. Бұл сайыста Айдын Айдосұлы басым түсіп, “Балқаш бөрісі” аудандық турнирінің қола жүлдегері атанып, 100 мың теңге көлмінде ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Ақтық мәреде Қазақ күресінің қыр-сырын жетік меңгерген, апайтөс балуандар Әлімжан Жұмахметов пен Айбол Айтбай белдесіп, көкталдық балуан соңғы сәтте жартылай жеңіс ұпайымен жеңіске жетті. “Балқаш бөрісі” атанып, 200 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, көкталдық балуан Әлімжан Жұмахметов – 2025 жылғы “Алатау арландары” облыстық турнирінің күміс жүлдегері және “Қазақстан барысы-2025” турнирінің қатысушысы, 2025 жылғы “Ақ бидай” республикалық турнирінің жеңімпазы, 2016 жылғы “Көшпенділер ойыны” халықаралық турнирінің жеңімпазы, ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ал аудандық турнирде күміс жүлдені қанжығасына байлап, 150 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленген Айбол Айтбай – ҚР Чемпионатының қола жүлдегері, спорт шебері, Алматы облыстық турнирінің 5 дүркін чемпионы, облыс бойынша ересектер арасындағы құрама команданың мүшесі.
Осылайша турнирде 31 балуанның ішінен оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінген үш балуан облыстық “Алатау арланы” турниріне жолдама алды.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Балқаш ауданы



