Биыл мамыр айында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының аға ғылыми қызметкері Әсел Амарғазиева Польша Республикасында ғылыми тағылымдамадан өтті. Сапар барысында әріптесіміз еліміздің археологиялық мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныстыруға және шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология, этнология және музеология кафедрасының 2-курс докторанты ретінде Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университет базасында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ғылыми жетекшісі – археология ғылымдарының докторы, профессор Анджей Розвадовски болды.
Әсел Амарғазиева Адам Мицкевич университеті тарих факультетінің 1-курс студенттеріне «Археологиялық мұралар: Жартас суреттері мен «Алтын адам», «Алтын адам» – Қазақстанның бірегей тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбында дәріс оқыды. Онда Қазақстан аумағындағы жартас суреттерінің зерттелу тарихы, Есік обасынан табылған «Алтын адамның» әлемдік археологиядағы орны кеңінен таныстырылды.
«Шетелдік студенттер мен жас ғалымдар қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасына ерекше қызығушылық танытып, тақырып төңірегінде белсенді пікір алмасты. Бұл кездесу Қазақстан археологиясының халықаралық ғылыми кеңістіктегі танымалдығын арттыруға ықпал етті», – дейді Әсел Жақсылықбайқызы.
Сондай-ақ ол Краков қаласындағы Ягеллон университетінің Археология институтында өткен ғылыми семинарда «Қазақстанның археологиялық мұрасы: жартас суреттері және «Алтын адам» тақырыбында баяндама жасап, оған профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер мен студенттер қатысты. Баяндамада Қазақстандағы петроглифтерді зерттеудің өзекті мәселелері, сақ дәуірінің аң стилі, көне тұрғындардың дүниетанымын бейнелейтін символдар және «Алтын адамның» тарихи-мәдени құндылығы жан-жақты талқыланды.
«Ғылыми сапар аясында Познань және Краков қалаларындағы жетекші музейлер мен ғылыми мекемелердің тәжірибесін тамашалауға мүмкіндік алдым. Атап айтқанда, Бискупин археологиялық музей-қорығы, Остров-Ледницкий археологиялық-этнографиялық музейі, Познань ұлттық музейі және басқа да мәдени нысандардағы археологиялық мұраларды сақтау, реконструкциялау жұмыстарымен таныстым», – дейді әріптесіміз.
Мұндай ғылыми байланыстар ұлттық мәдени мұраны әлемдік кеңістікке танытуға және жаңа зерттеу мүмкіндіктерін ашуға зор үлес қосатыны анық.
Досым Зікірия,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени
музей-қорығы директорының орынбасары
