Перейти к содержимому
Главная страница » Үздіктерге үміт артты

Үздіктерге үміт артты

Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов «Алтын белгі» иегерлерімен кездесті. Тағылымы мол басқосуда білімнің биік белесін бағындырған өңірдің дарынды түлектеріне құрмет көрсетілді.

Биылғы оқу жылында Балқаш ауданы бойынша 34 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанды. Бұл – шәкірттердің табанды еңбегі мен үздіксіз ізденісінің, ұстаздар мен ата-аналар қолдауының нәтижесі.

Аудандық орталық кітапханада өткен кездесу барысында Азат Үкітайұлы жастарға сапалы білім алуға жасалып жатқан мүмкіндіктер, туған жерге қызмет етудің жауапкершілігі туралы кеңінен сөз қозғады. Түлектер де аудан басшысына өздерін толғандырған сауалдар қойып, ашық пікір алмасты. Атап айтар болсақ, Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназияның «Алтын белгі» иегері Арнұр Асан аудан әкімінен жас түлектерге қандай ақыл-кеңес айтатынын сұраса, ал Ақдала орта мектебінің түлегі және «Алтын белгі» иегері Ербол Абылайұлы  мектеп қабырғасында білім алып жүргенде қандай маман иесі болуды армандағанын білгісі келді. Азат Құтпанбетов балалық шағына саяхат жасай отырып, үздіктерге өз өмір жолынан сыр шертіп, ең бастысы мамандық таңдауда қателеспеу керектігін баса айтты.    Әңгіме барысында жастардың кәсіби бағдар таңдауы, болашақтағы мақсат-міндеттері, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі жөнінде мазмұнды ойлар айтылды.

 Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – «Мен болашақ…» атты шығармашылық кезеңі болды. Онда түлектер өздерінің болашақ мамандықтары мен армандарын қағаз бетіне түсіріп, алдағы өмір жолына қатысты мақсаттарын ортаға салды. Бұл жас буынның ел болашағына деген сенімі мен жауапкершілігін айқындай түсті. Шара соңында аудан әкімі «Алтын белгі» иегерлеріне есімдері жазылған күнделікті сыйға тартып, олардың жоғары оқу орындарына түсуіне сәттілік тіледі. Өз кезегінде түлектер  де көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғыстарын білдірді. Балқаш ауданында өткен бұл басқосу жас буынның арманына қанат бітіріп, үлкен өмірге батыл қадам басуына серпін берген маңызды кездесу ретінде есте қалды.

Алтынай СЕЙІТКЕН

 Балқаш ауданы