Қазіргі кезде ақпаратты жинақтап, сақтап, оқырманға ұсынатын кітапхана цифрлық ақпараттық ортаның белсенді қатысушысына айналып отыр. Жасанды интеллект, цифрлық контент, әлеуметтік желілер, мобильді коммуникация және мультимедиалық технологиялар кітапханашының күнделікті жұмыс құралының бір бөлігіне айналды. Бұл тұрғыда жасанды кітапханашының жасанды интеллектімен сауатты жұмыс істей алу құзыретін қалыптастыру негізгі мәселе болуда. Осы орайда Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында «Кітапханашы PRO: жасанды интеллектің облыстық кітапхана қызметіндегі рөлі» тақырыбында жас мамандардың әріптестеріне арналған шебер-сынып өтті.
Шебер-сынып барысында Айдана Бақытқызы, Олжас Есенгелді, Шырын Русланқызы әріптестеріне жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, кітапхана іс-шараларын фото және видеоға кәсіби тұрғыдан түсірудің негізгі тәсілдерін көрсетті. Сонымен бірге 2025 жылы Халықаралық кітапхана қауымдастықтарының федерациясы кітапханалардағы жариялаған жасанды интеллект мәселесіне арналған арнайы «Entry Point to Libraries and AI» құжаты жайлы мағлұмат берді.
Келесі кезекте жасанды интеллектінің іс-шара сценарийін, фото және видео контенттің тұжырымдамасын әзірлеуге, ақпараттық мәтінді құрылымдауға, әлеуметтік желіге арналған контент идеяларын ұсынуға, мәтінді қысқартуға, әртүрлі аудиторияға бейімдеуге, сауалнама мен сұрақтар дайындауға, презентация құрылымын жасауға, шығармашылық идеяларды дамытуға, аударма және тілдік редакциялауға қалай көмектесе алатыны сөз болды.
Кітапханашының күнделікті жұмысына бейімдеуге бағытталған «Кітапханашы PRO» шарасында мамандар теорияны тәжірибе жүзінде қолданып көрді. Олар тапсырманы анықтап, AI құралына дұрыс сұраныс беруді үйренеді. Алынған нәтижені талдап, оны кітапхана жұмысына бейімдеп, нәтижесін өзі тексеріп, редакциялады. Бұл жерде кітапханашының жаңа кәсіби сауаттылығы тек ақпараттық сауаттылықпен шектелмей, AI сауаттылығымен толықтырылды.
Осы күнгі кітапхана қызметінің нәтижесі тек өткізілген іс-шараның өзімен өлшенбейді. Оның цифрлық кеңістікте қалай көрсетілгені де маңызды. Сондықтан шебер-сынып жасанды интеллектпен қатар, фото және видео түсіруге де арналды. Кітапханадағы әдеби кеш, көрме, кездесу немесе оқырман жобасы туралы ақпарат әлеуметтік желіде дұрыс берілмесе, оның аудиториясы да шектеледі. Осы себепті кітапханашының контент өндіру қабілеті кәсіби коммуникацияның жаңа құрамдас бөлігіне айналуда. Фото мен видео түсіру кезінде кадр композициясын дұрыс құру, жарықты ескеру, негізгі нысанды анық көрсету, форматты мақсатқа қарай таңдау, эмоцияны жеткізетін сәттерді түсіру, әлеуметтік желінің форматына бейімдеу және тағы басқа қарапайым техникалық қағидаларды меңгерудің өзі контент сапасын айтарлықтай өзгертетіні даусыз. Бұл – жас мамандар үшін маңызды мүмкіндік.
«Кітапханашы PRO» шебер-сыныбының тағы бір ерекшелігі – кітапхандағы жас мамандардың өз әріптестеріне дәріс беруі. Бұл – кәсіби қауымдастықты дамытудың тиімді формаларының бірі. Осы секілді бастамалар – жеке шебер-сынып қана емес, кітапхана мамандығының жаңа кәсіби мәдениетін қалыптастыруға бағытталған қадам.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
