Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Алматы облысы мәслихатының кезектен тыс ХХ сессиясы өтті. Онда өңірімізді дамыту мәселелері сөз болып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновтің қатысуымен өткен жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды. Онда құқық қорғау органдарының басшылары, басқармалар мен департамент өкілдері, онлайн режимде аудандық мәслихат төрағалары мен аудан әкімдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде келелі 9 мәселе қаралып, «Қалдықтарды басқару бағдарламасы», «Қабірлерді көму және күту ісін құру, ұстау және ұйымдастыру ережелері» бойынша өңірлік құжаттар бірауыздан мақұлданды. Депутаттар «Қонаев қаласы бойынша коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бес жылға есептелген және коммуналдық қалдықтардың қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тигізетін кері әсерін азайтуға, коммуналдық қалдықтардың түзілу көлемін кезең-кезеңімен азайтуға және полигондарды рекультивациялауға бағытталған жұмыстар бойынша оң шешім қабылдап, аталмыш саладағы жұмыс жүйесін жандандыруға атсалысты.
Өз кезегінде мінберге көтерілген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов бұған дейін бірнеше рет көтерілген ұсынысын тағы да ортаға салды. Өңіріміздегі жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің жалақысын көтеру жайы қаралып, халық қалаулылары маңызды шешім шығарды. Мәди Ахметовтің айтуынша, қазіргі таңда жастар ресурстық орталығында облыс бойынша 75 адам жұмыс істейді. Ол өз сөзінде:
– Былтыр жастар ресурстық орталығының мамандары мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалардың түрлі бағыттары бойынша барлық аудандарда 20 мыңнан астам кеңестер өткізді. Орта есеппен аудандағы бір жастар ресурстық орталығына 22-ден 800-ге дейін жас тартылып, қызмет алған. Бұл салаға тәжірибесі мол мамандар жұмылдырылғанын мақтанышпен айта аламын. Бірақ олардың жалақының аздығынан жұмыстан жиі кетіп қалатыны өкінішті, – деп айтып өтті.
Басқарма басшысының сөзіне құлақ түрген депутаттар бірауыздан жастарды қолдау керектігін кесіп айтып, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бюджетін 50 пайызға арттыруға дауыс берді. Ендігі кезекте қолына 80 мың теңге алып жүрген қызметкерге төленетін жұмыс ақысы 130 мың теңгеге дейін өспек.
Сессияда Талғар қаласының шекарасын өзгерту мәселесі де қаралып, жер комиссиясының құрамы мен оның жұмыс регламенті бекітілді. Жиын соңында облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы басқа қызметке орналасуына байланысты, жаңа төраға ретінде облыстық мәслихаттың депутаты Махаббат Бигелдиевтің кандидаттығы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.
Құралбек Сәбитов