Алматы облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Тұғырлы туым» атты жарқын патриоттық салтанатты іс-шарасы өтті.
Әнұран орындалып, мемлекеттік тудың салтанатты түрде көтерілуінен бастау алған салтанатты іс шара-шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барша Қазақстандықтар мен облыс жұртшылығын құттықтады:
– Қазақстан Республикасының рәміздері біздің тарихымызды, мәдениетімізді және ұлттық қадір-қасиетімізді еске салады. Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтатын құдіретті күш бар. Олар әрқашан жаңа жетістіктерге жету жолында бізге шабыт беріп, күш-қуатымыздың қайнар көзі болып қала береді, — деді әкім.
Шара аясында «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауында жиналғандарды тебірентетін және Отанға деген мақтаныш сезімін оятатын «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық ән шырқалды.
30 байкерден тұратын мотоциклшілер шеруі ерекше қызығушылық тудыра отырып, Іле ауданынан Қонаев қаласының орталық алаңына дейін, ел бірлігі мен күш-қуатын білдіретін Мемлекеттік туды желбіретіп жеткізді.
Іс-шара Қонаев қаласының кіреберісінен орталық алаңға дейінгі ретро көліктердің салтанатты шеруімен аяқталды. Қонаев қаласындағы ретро көлік салонының жетекшісі және меценат Мұрат Сіргебаев та шерудің ішінде болды.
Облыс бойынша 300-ден астам іс-шара өткізіліп, 23 000-нан астам қатысушы жиналды. Әр ауданда ту көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты іс-шаралар өткізілді. Түскі сағат 12:00-де 10 мыңнан астам облыс тұрғындары бірауыздан Қазақстан Республикасының Әнұранын шырқап, елжандылық рухты оятты.
Салтанатты жиында өңір басшысы облыс халқын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.