Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың кезекті XXІІ сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев төрағалық еткен жиында облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің 2023 жылға арналған жергілікті бюджеттің және аумақты дамыту бағдарламаларының атқарылуы туралы есебі тыңдалды.
Аймақ басшысы ең алдымен өңірдегі экономикалық көрсеткіштер мен салық түсімдеріне тоқталды. Атап айтар болсақ, өткен жылы облыс бюджетінің түсімдері 795,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде жергілікті бюджетке 593,0 млрд теңге түсіп, 2022 жылмен салыстырғанда 21,0 млрд теңгеге немесе 103,7 пайызға артқан.
– Бюджет қаражаты шығыстарының 58,7 пайызы әлеуметтік саланы қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй-коммуналдық салаға, жолдарға бағытталды. Сонымен қатар инвесторлармен жүргізілген белсенді жұмыстардың арқасында облыс экономикасына жалпы 705,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 2022 жылға қарағанда 10,7 пайызға артты. Нәтижесінде, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Мәселен, 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 пайыздық өсіммен 4,9 трлн теңгеге жетті немесе республика бойынша 5-орыннан көрінді. Жалпы өңірлік өнім орта есеппен жылына 800 млрд теңгеге артып отыр, – деді облыс әкімі.
Марат Елеусізұлының айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған қаражат 62,3 млрд теңгеге жетіп, 30,4 млрд теңге субсидия берілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өткен жылы облысқа республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге бөлінген. Сонымен қоса былтыр кәсіпкерлікті қолдауға 29,0 млрд теңге қарастырылып, 1552 жоба қаржыландырылған.
Облыс басшысы өз баяндамасында отандық өндірісті қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау және туристік саланы дамытуға бағытталған жобаларға да тоқталып өтті. Мәселен, былтыр білім беру саласына 390,5 млрд теңге бөлінген. Бұл 2022 жылғы шығыстардан 82 млрд теңгеге артық. Жаңадан 13,8 мың орынды 13 білім ошағы салынып, үшауысымды мектептер саны 52-ден 39-ға дейін қысқарған.
Келесі кезекте облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мейрам Мұсаев бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп берді. Ол өз сөзінде мемлекет қаржысын игерудегі кемшіліктер мен салық саясатындағы ағаттықтар туралы баяндады. Сондай-ақ сессия барысында аумақтық сайлау комиссиясы мен облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша округтік сайлау комиссияларының құрамына және мәслихат аппараты ережесіне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, мақұлданды.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы