Алматыдағы Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында жазушы, кемелтанушы Бақтығали Айжігітов пен өнертанушы Нұртас Ысқақұлының бастамасымен Алматы әуежайына мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың, Астана әуежайына екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, әйгілі ұшқыш Талғат Бигелдиновтің есімін беру туралы жиын өтті.
Жиынды ашып, жүргізген Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, халықаралық Д.А.Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Дәулетбек Жанболатов алғашқы сөзді Бақтығали Айжігітовке берді.
– Алматы әуежайына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру бүгін көтерілген бастама емес, 30 жылдан бері айтылып келе жатыр. Ал Қонаевтың кім екенін таныстырып отырудың қажеті жоқ. Өйткені ол 45 қала салып, 50 жылға жуық ел басқарған айтулы тұлға.
Қапшағай қаласына Д.А.Қонаевтың аты берілуі халықтың көңілінен шығып, ризашылығын тудырды. Егер Алматы әуежайына да көрнекті мемлекет қайраткерінің есімі берілсе – нұр үстінен нұр болар еді! Өйткені әуежай – еліміздің қақпасы ғана емес, табалдырығы да.
Екінші мәселе – Астана әуежайына Талғат Бигелдиновтің атын беру жөніндегі бастама бойынша пікір алысу. Өздеріңіз білесіздер, ол – екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтың қаһарман ұлы. Үшінші мәрте ұсынылғанда өтпей қалған. Мұның әділетсіз екенін өзіне Кеңес Одағының Батыры атағы үшінші рет беріліп жатқан кезде әйгілі ұшқыш Александр Покрышкиннің: «Бұл атақ алдымен маған емес, менен де асқан батыр Талғат Бигелдиновке берілуі керек еді!» деген сөзі анық дәлелдейді.
Ал осы соғыстың ардагері, қазақтың детектив жанрының негізін қалаушы, оның биік шыңына жеткен жазушы-драматург Кемел Тоқаев былай деген: «Сұрапыл соғыс Совет халқына оңайға түскен жоқ! Ол 20 миллион ұл-қызынан айырылды. 20 миллион! Солардың арасында менің туған бауырларым, талай достарым кетті. Олардың бәрі 19 бен 22 жастың арасындағы жас қыршындар еді. Бұл күндері сондағы ағалардан, әкелерден жасымыз асып, басымызды қырау шалды. Қатарымыз жыл санап сиреп келеді. Бүгінгі рахат өмір, салтанатты тұрмыс, бәрі сол боздақтардың қыршын өмірімен, тірілердің қанымен, еңбегімен жасалғанын ұмытпағанымыз жөн!».
Ендеше Кемел ағамыз айтқандай, сол сұрапыл соғыстан қайтпаған, аман оралса да қазір арамызда жоқ батырларымызды біз ешқашан естен шығармауымыз керек. Олардың есімдері өскелең ұрпақтың есінде мәңгі сақталуы керек. Сондай батырлардың бірегейі – қазақтың қаһарман ұлы Талғат Бигелдинов. Сондықтан да біз зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қайраткерлері, ақын, жазушы, журналистер, мемлекет қайраткерлері Алматы әуежайын ұлы тұлға – Дінмұхамед Қонаевтың, ал Астана әуежайын қазақтың қаһарман ұлы – Талғат Бигелдиновтің атымен атау жөнінде Президентке хат жазып, ұсыныс беруіміз керек. Осыған байланысты ойларыңызды ашық айтып, қолдауларыңызды өтінемін, – деді Бақтығали Айжігітов.
Одан кейін де оншақты белсенді азамат, атап айтқанда халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті Байбол Болатқазы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Болатхан Махатов, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Базархан Рүстембаев, техника ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Әуелбек Истаев, ғалым-филолог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман, жазушы, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішев, сатирик жазушы Серік Шомақов, ҚазҰУ профессоры Сәкен Нұрбеков, өнертанушы Нұртас Ысқақұлы, Қонаев қоры қамқоршылық кенесі төрағасының орынбасары Рүстем Темірғалиұлы, осы кеңестің мүшесі Бек Сырайылов, Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының оқу ісі жөніндегі проректоры Талғат Дүйсебаев, «Ел мен Жер» қозғалысының мүшесі Нұржан Қошанбек сөз алып, өз ойларын ортаға салды және барлығы бірауыздан екі ұсынысты да қолдады.
Жиынға қатысушылар жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде тарихи тұлғалардың есімдерін мақтаныш тұту маңызды екенін атап айтты. Ал екі ердің есімі екі әуежайға берілсе – бұл нағыз тарихи әділеттілік болар еді деген ортақ тұжырымға келді.
Құтмағамбет Қонысбай